30 мамыр күні  сағат 18.30-да «Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы» МКҚК-да  «Туған жер» арнайы  жобасының «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Өңірлік мәдениет, дәстүрлер мен құндылықтар» базалық жобасын  жүзеге асыру және Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында, сонымен қатар   Балаларды қорғау күнінің қарсаңында «Гәкку» би ансамблінің есептік концерті өтті, ансамбльдің жетекшісі – Гүлмира Ордабаева.

Би – өнердің көнеден келе жатқан бай бір түрі, қызықты, санқырлы, жарқын, эмоциялық әсерге толы жанр.  Сән  мен  уақыт ағымы  халықтың тарихын бойына сіңірген  халық биіне әсер ете алмады, оны жер бетінен жойып та жібере алмады. Әр халық, әр ұрпақ өз ата-бабаларын  ұмытпауға тырысып, олардың өмірінен көрініс беретін әр өнер түрін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге тырысады.   Ал би болса ол өмірдің ерекшелігін, санқырлығын ашып беруге жәрдемдеседі.   Негізінен «Гәкку» би ансамблінің репертуары  ұлттық хореографиядан тұрады.   Ансамбльдің аты затына сай, құс төресі аққудың кербездігі бойында бар «Гәкку»  би ансамблінің ұжымы сұлулық пен бекзаттық, пластикалығымен ерекшеленеді.

Міне, көптен күткен  ансамбльдің  есептік концертінің кеші де жетті! Концерт алдындағы соңғы дайындықтар, шаштарын сәндеу, бояну, костюмдер, ал дәлізде осы кешті тамашалауға жиналған халық – ансамбльдің өнеріне табынушылар, туғандары,  дос-жарандары, таныстары, бәрі де залға кіріп, орындарына жайғасып, сүйікті ансамбль ұжымының өнерін тамашалауға асығуда.  Ұжымның ауызбірлігі, биге деген  сүйіспеншіліктері мен  шыңдарды бағындыруға деген талпынысы қобалжуларын басып, мерекені бастауға  септігін тигізді.  Жүргізуші «Гәкку» ансамблінің құрылған кезіне көз жүгіртіп, тарихын еске түсіре отыра, алғашқы гастролі мен  жеткен жетістіктеріне, қатысқан  облыстық,  республикалық,  халықаралық байқаулары мен фестивальдеріне тоқталды. Көрермендер ансамбльдің өнер жолында жүрген 10 жылдан астам уақыт ішінде тек Қазақстан аумағында өтке көптеген байқауларларға ғана қатысып  қоймай, сонымен қатар  шетелдерде: Үндістанда,  Біріккен Араб әмірліктерінде  де өнер көрсеткенінен хабардар болды.  

Кеш  «Сарыарқа», «Көктем» сынды халық билерімен басталды, көздің жауын алатын  сәнді ұлттық нақыштағы костюмдер, әдемі би қимылы, әр элементке баса назар аударып, асқан шеберлікпен орындау биді түрлендіріп  көрермендерін баурап алды.

Бір-бірінен өткен әр би нөмірі кеш қонақтарының таңдайын қақтырып, ерекше әсер етті.  Бүгінге кешке жиналған қауым  ансамбльдің кіші тобының көрсеткен  қойылымына асқан қызығушылық танытып, репертуарын «Тролльдер» қойылымында орындалған көңілді, әсерлі  «Мысықтар» биімен, А.Пахмутованың «Добрая сказка» әнін орындаған  филармония әншісі Данияр Жолбарысовтың орындауын бимен сүйемелдеу мақсатында  қойылған нәзік, жүрек жарды би композициясымен   толықтырған бүлдіршіндерді қошемет астына алды. Жас бишілердің қойылымынан олардың хореография саласы бойынша алға басқаны анық көрініп тұрды, бұл ұжым жетекшісінің  тынбай қажырлы еңбек етуінің  нәтижесі еді. 

Осы жылы ансамбль бағдарламасы  біршама жаңартылды, лирикалық, көркем, идеялық мазмұны бай керемет композиция - Абзал Мұхитдиновтың шығармасына жазылған «Гүлдер биі» дүниеге келді, сонымен қатар  мазмұны  жаңартылып, толықтырылған «Дала  думан», «Биші қайың» қойылымдары да көпшіліктің назарына ұсынылды.  ҚР ІІМ Төтенше  жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық  институтының  курсанттары мен биші қыздардың жұптасып орындаған сезімге толы «Көктем вальсі» де естен кетпестей әсер етті, концерт соңында  сахнаға  вальс ырғағына дөңгелей қалықтап билеп ансамбль жетекшісі Гүлмира Ордабаева  ұлымен шықты. 

«Muz band»  тобының сүйемелдеуімен орындалған  «Сен сұлу» композициясы айрықша көзге түсі.  Сонымен қатар  ұйғыр, өзбек билері де кешті ажарландыра түсті. Жалынды, қызу қанды  «Кармен» испан биін билеген биші қыздар әр би қимылымен бидің мазмұнын аша білді, көрермендер бүгінгі кештен ләззат алып, көңілдері шарықтады.

Концерттің соңында орындалған таңғажайып «Гүлдер» сюитасында сахнаға барлық  қатысушылар шықты. Кеш соңында дәстүрлі гүл шоғына кезек беріліп, мәдениет басқармасының басшысы  Сәуле  Бөкейханқызы Бөрібаева алғысын білдіріп, сөз сөйледі. Көрермендер өнеріне тәнті ансамбльдің концертінен жақсы көңіл-күймен, оң эмоциямен қайтты. Лық тола залды жинаған  ансамбльдің есептік концерті  жақсы атмосферада, жоғары деңгейде өтті. Концертке жиналған қауым бишілердің шыңдалған шеберлігінің куәсі болды,  ұлттық билер мен жалынды  әуен-саз, әдемі өрнектелген ұлттық костюмдер көпшіліктің көңілінен шықты.

Онлайн кім

Қазір 168 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр