19 мамыр күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ақын, жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов шығармашылығына арналған «Менің ғашық ғасырым» атты концерт өтті. Рухани кеш қазақ поэзиясы мен ән өнерінің биік болмысын дәріптеп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Концерттің шымылдығы Нұрғиса Тілендиевтің «Аңсау» күйімен ашылды. Кеш барысында ұлт руханиятында өшпес із қалдырған Мұхтар Шахановтың «Әке туралы жыр», «Қуаныш вальсі», «Кешікпей келем деп ең», «Арқалықтың ақ таңы», «Ақ бантик», «Арыс жағасында», «Өмір-өзен» сынды халық жүрегінен орын алған жауһар туындылары К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде филармония әншілерінің орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды. Терең ой мен тағылымға толы шығармалар көрерменді сағынышқа бөлеп, туған елге, адамгершілікке, ата-анаға деген қадір-қасиетті қайта сезіндірді. Сонымен қатар Төлеген Айбергеновтің Мұхтар Шахановқа арнаған «Сағыныш» шығармасы «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есовтың орындауында көрерменге тарту етілді. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Жарқымбаева, «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Төлеубаева, «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» Сәрсенбай Хасенов, Серікболсын Бекмолдин, Эльмира Камарницкая, Саида Сағди, Алтынбек Бектемір, Инара Мукушева, Алан Бектемиров, Аманғали Жұматаев, Алибек Ахмалишев (гитара) қатысып, ұлы тұлғаның уақыт өткен сайын құнын жоғалтпаған, халықпен бірге жаңғырып, жаңа буынның жүрегіне жол тапқан ән-жырларын орындады. Концертке халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі де қатысты.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/47-top-stories/zha-aly-tar/1245-m-shakhanovty-shy-armashyly-yna-arnal-an-kesh.html#sigProIdacc2e0ef6e

