23 сәуір күні Бурабай ауданының мәдениет үйінде «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетованың «Кел, Бурабайға» атты жеке концерті өтті.

Кеш барысында ән өнерінің шынайы болмысын терең сезіндіретін әсем ән көрермен жүрегіне жол тауып, ерекше рухани әсер сыйлады. Концерт К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтіп, ұлттық өнердің айшықты бояуын айқындай түсті.

Музыкалық кеште қазақ және шетелдік классикалық жауһар туындылар мен ретро әндер орындалып, көрермендерге кең ауқымды әрі мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Керемет лирикалық сопрано дауыстың иесі, жезтаңдай әнші Аякөз Нұрғалиқызы сахнада жоғары кәсіби шеберлігін танытты. Әнші Н.Бекеновтің «Туған жер», М.Төлебаевтың «Бақыт вальсі», А.Айтжанованың «Көкшетау», Е.Хасанғалиевтің «Аңсағаным», С.Тұрсынбектің «Аққу сазы», Ш.Қалдаяқовтың «Кел, Бурабайға», А.Зацепиннің «Көктем вальсі», халық әні «Ахау бикем» және т.б да әндерді орындап, қазақ ән өнерінің көркемдігі мен терең мазмұнын кеңінен паш етті. Сонымен қатар, әлемдік музыка тарихында өшпес із қалдырған Ф.Легар, Дж.Пуччини, А.Лара, И.Кальман сынды композиторлардың операларынан ариялар орындады.  Әнші әр туындыны жүрек сүзгісінен өткізіп, ерекше сезіммен орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Кешке әншінің әріптестері де қатысты. Дәстүрлі әнші, «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» Сәрсенбай Хасенов кеш иесіне  Т.Рахимовтың «Аякөз ару» әнін тарту етті. Ал «Мәдениет қайраткері», «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов Н.Айтұлының «Дариға-дәурен» әнін орындаса, халықаралық байқаулардың лауреаты Бекұлан Ерболатұлы Д.Россинидің «Севильский цирюльник» операсынан Фигароның каватинасын тамылжыта шырқады.

Кеш барысында ұлттық музыка мен классикалық бағыт үндесіп, сахна төрінде әсем ән мен жанды оркестр үні үйлесім тапты. Бұл концерт – өнер сүйер қауымға арналған әдемі кездесу, рухани демалыс болды.

Онлайн кім

Қазір 182 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр