20 сәуір күні   Көкше өңірінің төл тумасы, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Қажыбай Жахиннің 60 жылдығына арналған «Көкшенің айбозы – Қажыбай!» атты еске алу кеші өтті.

Тағылымды кеш барысында Арқа әншілік мектебінің асыл мұрасы дәріптеліп, қазақтың дәстүрлі ән өнері кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, сұрапыл да сырлы, кең тынысты ғажап даусымен, өзіндік орындау мәнерімен тыңдарман жүрегін баураған Қажыбай Жахиннің өнері ерекше ықыласпен еске алынды. Сұлу Көкшені әнімен тербеткен сырбаз тұлғаның репертуарынан әндер орындалды.

Еске алу кешіне Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлыш, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев,  Қажыбай Жахин атындағы І Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпазы Бауыржан Нұрмұхан, «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» Сәрсенбай Хасенов, «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, республикалық байқаулардың лауреаты Зәмзәгүл Смағұлова қатысып, сахна төрінде өз өнерлерін паш етті. Әншінің ұлы Кенжебай Қажыбайұлы Д.Құйқастың «Менің әкем» әнін жүрек тербетер сезіммен, тебіреніспен орындап, көрермен ықыласына бөленді.  Кеште «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі де өнер көрсетті. Сонымен қатар көпшілік Бауыржан Балтин мен Саят Бабавтың орындауында күй тартысты тамашалады.

Онлайн кім

Қазір 324 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр