20 сәуір күні Көкшенің біртуар дарыны, әнші Қажыбай Жахиннің 60 жылдығына арналған «Көкшенің айбозы – Қажыбай!» атты еске алу кеші аясында тағылымы терең, мазмұны бай пресс-конференция өтті. Бұл басқосу қазақтың дәстүрлі ән өнерінің асыл мұрасын ұлықтап, бірегей тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық әлеміне жаңаша үңілуге мүмкіндік берген рухани алаңға айналды.

Пресс-конференцияға Қазақстанның құрметті журналисі, ақын, жазушы-журналист Байқал Байәділ, профессор Сәбит Жәмбек, ақын Серік Жетпісқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлыш, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев, «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» Сәрсенбай Хасенов қатысып, естеліктерімен бөлісіп, әншінің өнердегі орнына терең баға берді.

Іс-шара барысында Арқаның әншілік мектебінің шоқтығы биік дәстүрі, оның ірі өкілдері – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды сал-серілердің мұрасы кеңінен сөз болып, сол алтын арнаның заңды жалғасы болған Қажыбай Бадықұлы Жахиннің өмірі мен өнер жолы терең толғаныспен әңгімеленді. Алматыда білім алып жүрген кездері, Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменовтың сүйікті шәкірті болғаны, Арқаның ақиық өнерпазы Біржан салдың «Айбоз» әнін асқақ рухпен орындап, өнер бәйгесінде топ жарғаны, кейіннен бұл ән оның тағдырына айналып, ел-жұрт оны «Көкшенің Айбозы» деп атандырғаны да айтылды. Осы атақпен 1989 жылы туған жеріне оралған Қажыбай Жахин саналы ғұмырының соңына дейін қазақтың қасиетті ән өнеріне қалтқысыз қызмет етіп, бабалар аманатын абыроймен арқалады. Ол Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдан жеткен асыл ән мұрасын жүрек сүзгісінен өткізіп, тыңдарманға мөлдір қалпында жеткізген, ұлттық өнердің шынайы жанашыры ретінде ел жадында мәңгі сақталмақ.

Онлайн кім

Қазір 172 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр