14 сәуір  күні композитор, музыкатанушы, дирижер, академик, Қазақ КСР Халық әртісі Ахмет Жұбанов пен композитор, Қазақ КСР Халық әртісі Латиф Хамидидің 120 жылдығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Қазақ музыкасының қос алыбына – 120 жыл» атты  концерті өтті.

Кеш барысында қазақ кәсіби музыка өнерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің жауһар туындылары филармония ұжымдарың орындауында сахна төрінен төгілді. Қос алыптың қазақ музыкасының алтын қорына енген дара туындылары   көрермен жүрегінен орын алып, ұлттық өнердің терең тамыры мен бай мұрасын сезінуге мүмкіндік берді.  

Бағдарлама К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Гәкку» би ансамблінің орындауында А.Жұбановтың «Би күйі» туындысымен ашылды. Сонымен қатар оркестр мен камералық хордың, Серікболсын Бекмолдин мен «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетованың орындауында «Абай» операсынан сюита, Айдар мен Ажардың ариялары,  «Той бастар» шығармасы  көпшіліктің назарына ұсынылды.  Өнер сүйер қауым «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева орындауында А.Жұбановтың «Қарлығаш», Л.Хамидидің «Жайлауым бақша жайнаған» әндерін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева орындауында Л.Хамидидің «Бұлбұл», «Қазақ вальсі» әндерін тыңдады.  Жеке бас қобызда  Талғат Рашид А.Жұбановтың «Көктем»,  жеке прима қобызда Саида Рашид «Ария» туындысын төгілте ойнады.  

Бұл кеш ұлттық мәдениетке тағзым етіп, ұлы мұраны дәріптеген тағылымды кеш ретінде есте қалары сөзсіз.

Онлайн кім

Қазір 32 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр