5 маусым күні филармония сахнасында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концертмейстері Саида Рашиттың «Жүрекке жеткен қобызым» атты жеке концерті өтті.
Кеш барысында Саида Рашит симфониялық оркестрдің және концертмейстер Ольга Гергельдің сүйемелдеуінде қазақстандық және шетелдік композиторлардың жауһар туындыларын асқан шеберлікпен орындап, қобыз аспабының өзіндік ерекшелігін ашып көрсетті. Ғасырлар қойнауынан жеткен қобыз үні ұлттық өнердің терең болмысын танытып, қазақ және әлемдік классикалық музыкасының таңдаулы туындыларын жаңа қырынан паш етті. Қобыздың қоңыр үні мен терең сырын арқау еткен музыкалық кеш көрерменге рухани әсер сыйлады.
Бағдарламаға арнайы шақырылған қонақтар: «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Саджана Мурзалиева (Астана қ.), халықаралық байқаулардың лауреаттары Ұлмекен Шодырова (Ақтау қ.) мен Сәуле Зинет (Ақтөбе қ.), филармония әртістері Серікболсын Бекмолдин мен Мадиар Абай қатысып, көрерменге әсерлі музыкалық тартуларын ұсынды. Ал халықаралық байқаулардың лауреаты Гәкку би ансамблі мен ансамбль әртісі Динара Нұрғожина кестелі кербез билерімен кештің сәнін кіргізді.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1260-saida-rashitty-zh-rekke-zhetken-obyzym-zheke-kontserti.html#sigProId7e96bbe021

