26 ақпан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында алғаш рет қобызшылардың камералық ансамблінің «Шамдардың жұмсақ жарығы, музыканың терең тынысы» атты концерті өтті.
Бұл камералық кеш көрермендерді ерекше тыныштық пен ой тереңдігіне жетелеген атмосферасымен, қобыздың қоңыр үнімен және таңдаулы музыкалық жауһарларымен баурап алды. Классикалық және заманауи музыка нәзік ішекті аспаптардың үнімен үйлесім тауып, тыңдарманға музыкалық тілдің терең иірімдері мен ішкі бояуларын сезінуге мүмкіндік берді.
Концерттік бағдарламаға республикалық байқаулардың лауреаттары Серікболсын Бекмолдин, Алан Бектемір, сондай-ақ «Гәкку» би ансамблінің әртістері Альмира Жолдаңғар мен Айдана Нұрланова қатысты. Сонымен қатар, Мадиар Абай баян аспабында Joseph Cosma-ның «Autumn Leaves» және Richard Galliano-ның «Tango pour Claude» шығармаларын жоғары шеберлікпен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл камералық концерт, сөзсіз, мазмұнды әрі әсерлі өнер кеші ретінде есте қалды. Көрермен әрбір нотаның ішкі тынысын сезініп, музыканың жан дүниеге әсерін терең түйсіне алды.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1190-shamdardy-zh-msa-zhary-y-muzykany-tere-tynysy-2.html#sigProIdb7b0b56774

