29 қаңтар күні филармония төрінде дәстүрлі әнші, Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі Сәрсенбай Хасеновтың «Халықтың сұлу саздары» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында көрермендер сырлы сазға сусындап, халық жадында сақталған інжу-маржан әндерді тыңдап, дәстүрлі өнердің көркемдік құндылығы мен тәрбиелік маңызын терең сезіне рухани әсерге бөленді. Кеш иесі күміс көмей әнші Сәрсенбай Хасенов Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан салдың асқақ әндері мен Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырын, Әсет пен Кемпірбайдың айтысын төгілте орындап, тыңдарманын баурап алды.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлыш Үкілі Ыбырайдың «Сұлу Көкше» әнін тамылжыта орындап, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар концерттік бағдарламаға «Мәдениет қайраткері», «Халық алғысы» мелалінің иегері Жанат Есов, «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, республикалық байқаулардың лауреаты Зәмзәгүл Смағұлова, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі қатысты. Ал өнерге қанат қаққан, жас толқын - Зеренді балалар музыка мектебінің оқушылары Туханбек Әлішер, Айсұлтан Хапсанатұлы, «Балақай» өнер студиясының оқушысы, халықаралық көпжанрлы өнер байқауының жеңімпазы Ербол Шапагулов сахна төрінде жарқырап, ұлттық өнердің болашағы жарқын екендігін көрсетті.

Онлайн кім

Қазір 111 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр