16 желтоқсанда Қазақстанның егемендігі мен азаттығын, елдің дамуы мен бірлігін атап өтетін маңызды мереке - Тәуелсіздік күніне орай филармонияның шығармашылық ұжымдары Бурабай баурайында орналасқан «Оқжетпес» шипажайында өнер көрсетіп, демалушылар мен қызметкерлерді мерекемен құттықтады.
Концерттік бағдарламаға «Айнакөл» фольклорлық ансамблі (жетекшісі — Мадиар Абай), «Гәкку» би ансамблі (жетекшісі — «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаева), филармония солистері: «Мәдениет саласының үздігі» Ләззат Едрисова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Төлеубаева, «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» Сәрсенбай Хасенов, «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, Мерғали Хамит, Алтынбек Бектемір, Инара Мукушева қатысты. Фольклорлық және би ансамбльдері, дарынды солистер қазақтың ән-күйі мен би өнерін паш етіп, Тәуелсіздік мерекесінің рухани мәнін арттырды.

