20 маусым күні филармонияның 79-концерттік маусымының жабылуы аясында «Lakshminarayana Global Music Festival in Kazakhstan» халықаралық фестивалі өтті.

Даңқты Субраманиам әулетінің өкілдері - аты аңызға айналған үнді скрипкашысы әрі композитор, доктор Лакшминараяна Субраманиам мен әлемге әйгілі әнші Кавита Кришнамурти, танымал скрипкашы, композитор, педагог Амби Субраманиам, әнші Бинду Субраманиам мен жас әнші, скрипкашы Махати Субраманиам филармонияның симфониялық оркестрімен, камералық хорымен және «Гәкку» би ансамблімен бірге бір сахна төрінде өнер көрсетті. Фестиваль симфониялық оркестр мен «Гәкку» би ансамблінің орындауында «Шашу» биімен ашылды. Кеш барысында Лакшминараяна Субраманиамның таңдаулы туындылары мен танымал үнді фильмдерінен әндер орындалды. Кештің ерекшелігі композитор Лакшминараяна Субраманиамның арнайы тапсырысымен сахналанған, балетмейстер Гүлмира Ордабаеваның «Shantiрriya» хореографиялық қойылымы көпшіліктің назарына ұсынылды. Қазақ және үнді мәдениетінің көркем үндестігін бейнелеген бұл қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Музыкалық кеш қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен қорытындыланды. Фестиваль ұлттық мәдениеттердің өзара үндестігін айшықтап, өнердің халықтарды жақындастыратын әмбебап тіл екенін тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымды мәдени оқиғаға айналды. Дирижер Қазақстанның Халық әртісі Абзал Мұхитдинов.

Онлайн кім

Қазір 243 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр