20 қаңтар күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Романтика романса» атты музыкалық кофехана өтті. Кеш көрерменге романстың нәзік лирикасын, терең сезімге толы сырлы әуендерін ұсынды. Филармония солистері отандық және әлем композиторларының таңдаулы туындыларын гитара мен фортепианода сүйемелдеуінде орындады.

Концертмейстерлер: Ольга Гергель, Наталья Грицаева, Алибек Ахмалишев. Концерттің шымылдығы Алла Бештің орындауында Всеволод Буяклидің «Отвори потихоньку калитку» романсымен ашылды. Бағдарламада «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Жәмила Жарқымбаева, «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева, «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аягөз Қалмағанбетова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Батыржан Смаков пен Бекұлан Ерболатұлы, республикалық байқаулардың лауреаты Серікболсын Бекмолдин, Мария Петрова және «Мәдениет саласының үздігі» Галина Колесникова жетекшілік еткен камералық хор өнер көрсетті. Сонымен қатар музыкатанушы Юлия Никитенко әрбір орындалған романстың шығу тарихына тоқталып, оның авторы, жазылу кезеңі, музыкалық стилі мен көркемдік ерекшеліктері туралы қызықты деректермен бөлісті. Тыңдарманды шығарманың ішкі әлеміне жетелеген мазмұнды әңгімелері кештің маңызын арттырып, көрермендердің музыкаға деген ықыласын күшейтіп, кешті әсерлі, тағылымды әрі есте қаларлық етті. Музыкалық кофехана форматында өткен кеш көрерменге еркін әрі жайлы атмосферада жанды музыкадан ләззат алуға мүмкіндік беріп, сырлы әуен мен шынайы эмоцияға толы романтикалық көңіл-күй сыйлағаны сөзсіз.

Онлайн кім

Қазір 145 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр