18 қараша күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында көрнекті композитор, Қазақ КСР Халық әртісі Евгений Брусиловскийдің 120 жылдығы аясында «Қыз Жібек» операсынан үзінділер  орындалды.

Қазақ опера өнерінің інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек» операсынан алынған үзінділер К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің негізінде филармония әншілері мен камералық хордың орындауында ұсынылды. Кеш Е.Брусиловскийдің «Думанда» поэмасымен ашылды. Төлегеннің ариозосын Республикалық байқаулардың лауреаты Серікболсын Бекмолдин, Жібек ариясы «Гәккуді» «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, Бекежанның әні «Ақ құмды» Халықаралық байқаулардың лауреаты Бекұлан Ерболатұлы, Дүрияның әнін Республикалық байқаулардың лауреаты Зәмзагүл Смағұлова асқан шеберлікпен шарықтата шырқады. «Мәдениет саласының үздігі» Галина Колесникованың жетекшілік етуімен камералық хор «Алты қырдан асыра», «Айың тусын оңынан...» туындыларын, ал «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаева жетекшілік еткен «Гәкку» би ансамблі «Айжан қыз», «Шашу» шығырмаларын өнер сүйер қауымның назарына ұсынды. Кеш қонағы Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, композитор және дирижер Айтқали Тілепқалиұлы Жайымовтың дирижерлік етуімен оркестр А.Жайымовтың «Шаттық елі» туындысын орындады. Сонымен қатар кеш барысында «Мәдениет саласының үздіктері» Валерия Болиева, Эльмира Төлеубаева, дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов өнер көрсетті.

Онлайн кім

Қазір 55 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр