21 қазан күні филармонияның 79-концерттік маусымының ашылуы аясында қазақ халқының ұлы композиторы, Қазақ КСР мен КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің 100 жылдығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Өз елім» атты концерті өтті. Ұлы композитордың шығармалары - халықтың жүрегінен ерекше орын алған рухани қазына.

Артында 500-ден астам музыкалық төл туындылар қалдырған, қырықтан астам пьеса мен жиырмадан астам фильмге музыка жазған біртуар өнер тарланының ғасыртойы – өнер сүйер қауым үшін тек еске алу емес, сонымен бірге Нұрғиса Тілендиевтің мұрасын бүгінгі заманмен үндестіріп жеткізуге арналған маңызды мәдени оқиға. Бұл кеште аңыз адамның өшпес мұрасы жаңғырып, әйгілі шығармалары жаңа тыныспен орындалды. Бағдарламаға «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева, дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов, «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, Республикалық байқаудың лауреты Серікболсын Бекмолдин, Аманғали Жұматай қатысып, қазақ музыкасының абызы Н.Тілендиевтің жауһар туындыларын орындады. Кеш қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Алматы, Жетісу облысының құрметті азаматы, «Еңбек адамы» төсбелгінің иегері Тұрсынхан Қарақожаева Н.Тілендиевтің «Абай табиғаты» туындысын тыңдарман қауымның назарына ұсынды. Сонымен қатар оркестрдің сүйемелдеуімен жеке сазсырнайда Алтыншаш Хасенова Н.Тілендиевтің «Балапандарым», жеке домбырада «Мәдениет саласының үздігі» Әбілсерік Камашев «Көңілді бикеш», жеке домбырада «Мәдениет саласының үздігі» Руслан Қойшыбаев пен Саят Бабаев «Әлқисса» туындыларын төгілте орындады. Көрермендер «Гәкку» би ансамблінің орындауында «Көш керуен» биін тамашалады.

Онлайн кім

Қазір бір қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр