9 қаңтар күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Аманат» би мектебінің «Биші қыз, биші бала – Аманатым!» атты есептік концерті өтті. Жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаева. «Аманат» би мектебі - би әлеміне қадам басқан балдырғандарға би әліпбиін үйретіп, баулып, балаларды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама негізінде жұмыс істейтін би орны. «Аманат» би мектебіне 4 жастан бастап 17 жасқа дейінгі балалар қатысады.

Би мектебінің есептік концерттік бағдарламасында педагогтар: Шрайбер Олеся, Нұрланова Айдана, Распаева Айдана, Серікбаева Азизадан тәлім алып, би өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүрген би мектебінің кіші, ортаншы, ересектер және ұлдар тобы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Бүгінгі концертте көрермендердің назарына жаңа тың концерттік бағдарлама ұсынылды. Дарынды хореограф, табиғи талант иесі Гүлмира Ордабаеваның қолынан шыққан әрбір туынды өзіндік мазмұнымен, қимыл-қозғалысымен ерекшеленеді. Лексикасы, ұлттық нақышы, әдемі қол қимылы, пластикасы жағынан айрықша қазақ билерін және ұйғыр, мексикан билерін Аманат» би мектебінің бишілерінің орындауында көпшілік тамсана тамашалады. Кеш қонағы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының кәсіби «Гәкку» би ансамблі де «Арулар», «Сылқылдақ» билерімен кешті қыздыра түсті. «Ән - би» десе ішкен асын жерге қоятын халқымыз үшін бүгінгі концерт - нағыз отшашу, мереке болды.  

Онлайн кім

Қазір 377 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр