1 қараша күні филармонияның сахна төрінде өзінің саналы ғұмырын өнерге арнаған «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тұрлыхожа Базаровтың 75 жас мерейтойына арналған «Күмбірлеткен кеудемді күй еркесі» атты шығармашылық кеші өтті. Кештің шымылдығы Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан алынған Шашу биімен ашылды.

Тұрлыхожа Базаров іргетасы қаланған күнен бастап бел шешпей еңбек еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрімен сахнаға шықты. Кешке жерлесі, «Мәдениет қайраткері», Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының доценті Толғанбай Сембаев арнай келіп, құттықтады. Өнер жолында бірге жүрген үзеңгілес әріптестері: Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Шолпан Дүкімбаева, Бисара Мәкенова, «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева, «Мәдениет қайраткерлері» Жанат Есов, Гүлжан Ахметова әнмен шашу шашты. Көпшілік ұлы Ербол Базаровтың орындауында Шаргородский-Шабельскийдің «Той бастар» туындысын тыңдады. Сонымен қатар Т.Базаровтың шәкірттері де өз өнерлерін ортаға салды. Тамылжыған ән мен күмбірлеген күйге толы тамаша кеште орындалған шығармалардың көпшілігін кезінде Т.Базаров өңдеген болатын.

Онлайн кім

Қазір 23 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр