2 қараша күні сағат 15.00-де «Көкшетау» МС-да Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сұлу Көкшенің ару қызы, ән падишасы Қапаш Құлыштың 75 жылдық мерейтойына арналған «Ән ғұмырым – сұлу Көкшем» атты шығармашылық кеші өтті.

Арқаның дәстүрлі ән өнерін дәріптеген кәсіби әншілеріміздің ізін басып, ісін жалғастырып келе жатқан Көкшенің төл тумасы, Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайыновтан тәлім алып, өнер жолына түскен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі педагог Қапаш Құлыш өнерін бағалушы-жерлестерінің назарына тың концерттік бағдарламасын ұсынды. Асқақ рух пен өршіл сезімге, нәзік иірім мен тұнық дыбысқа құрылған ән жезтаңдай әншінің орындауында төгілді. Дәстүрлі ән өнерін дәріптеп келе жатқан дара талант иесінің қазақтың қара домбырасын күмбірлете салған әні құлақтан кіріп, бойды жайлап, жүректерді баурап алғаны сөзсіз. Сонымен қатар әнші К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен де көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Кешке Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабек, Мәдениет саласының үздігі Гаухар Жүсіпова, Республикалық байқаулардың лауреаттары: Жаңабай Өтегенов, Шыңғыс Сәрсенбай және шәкірттері қатысты. Кештің сәні болған «Гәкку» би ансамблі де өнер көрсетті. Шығармашылық кештің соңы Ақмола облысы әкімі орынбасарының құттықтауымен аяқталды.

Онлайн кім

Қазір 38 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр