3 қараша күні сағат 17:00-де Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында бар ғұмырын өнер жолына арнаған жезтаңдай әнші, «Мәдениет қайраткері» Мереке Бекмағамбетовті еске алу кеші өтті.

Кешті журналист, жазушы Байқал Байәділов жүргізді.

Кеш барысында бар өмірін сүйікті ісіне арнап, 40 жылдан астам сахна төрінде, халықтың алдында өнер көрсетіп келген Мереке Мәжитұлын еске ала отыра, әншінің сүйіп орындаған әндерін үзеңгілес жолдастары мен филармонияның жас буын әншілері көпшіліктің назарына ұсынды. 

Бағдарламада К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, «Мәдениет қайраткерлері» Жанат Есов, Гүлжан Ахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Жарқымбаева, Серікболсын Бекмолдин, Аякөз Қалмағанбетова, Абзал Ес, Ерұлан Камел, Сәкен Біржанов өнер көрсетеді. Сонымен қатар бағдарламаға филармония ардагері Абсалық Салық пен Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Біржан Есжанов та қатысты. 

Мереке Мәжитұлымен өнер жолында, өмір жолында дәмдес болған, бірге жүрген барлық дос-жарандары, әріптестері, туыстары және Көкшелік көрермендер жиналған кеш - әншінің есімі Ақмолалық өнер сүйер қауымның мәңгі есінде екендігінің белгісі.

Әншінің шырқай салған сазды әні мәңгі біздің есімізде қалады!

Онлайн кім

Қазір 30 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр