23 мамыр күні  Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахна төрінде алғаш рет «Folk-Simphony Көкшетау»  фольклорлық музыка фестивалі бастау алды.

Концерттік бағдарламада «Айнакөл» ансамблі, филармония солисі «Мәдениет саласының үздігі» Эльмира Төлеубаева мен арнайы  шақырылған қонақтардың  орындауында  фольклор жанрындағы  туындылар ұсынылды.

Кәсіби музыкант, республикалық байқаулардың лауреаты, көне қазақ музыкалық аспаптарын жасайтын шебер Азамат Бақия сазсырнай, жетіген және шанқобыз сынды көне музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Шор әндерінің авторы және орындаушысы, көптеген марапаттар мен дипломдардың иегері, халықаралық және ресей  конкурстары мен фестивальдерінің жеңімпазы әрі лауреаты, көмеймен ән салу өнерінің шебері  Чылтыс Таннагашева (Кемерово,Ресей) көкшелік көрермендердің назарына    қай комус және темір комус - ұлттық аспаптарында сазды сарынға толы  әуендерді әуелете орындап, өз халқының мәдениетімен таныстырды. Көмеймен ән салу өнерін жетік меңгерген өнер иесінің орындауындағы «От ана», «Ақ бөрі сарыны», «Тайга үні»   туындылары ерекше орындау шеберлігімен көрермендерді тамсандырып, таңқалдырды.

Композитор, белгілі мульти-аспапшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Еділ Құсайынов жетіген, сыбызғы және шанқобыз аспаптарында өзінің төл туындыларын орындап, өнер десе ішкен асын жерге қоятын көрермендеріне тарту етті.

«Гәкку» би  ансамблінің (жетекшісі Гүлмира Ордабаева) би қойылымдары музыкалық нөмірлерді  безендіріп, концертті ажарландыра түсті.

 

Онлайн кім

Қазір 89 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр