Бағалаушылары мен табынушыларын жинап үлгерген «Көкшетау – тал бесігім» фестивалі облысымызда жыл сайын өткізіліп келеді.
Бұл музыкалық форум - халық музыкасы мен классикалық музыка арқылы қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты, рухани құндылықтарды, жоғары кәсібилік пен шыңдалған орындаушылық шеберлікті және музыка дәстүрлерін дамытып, тарату идеяларын басты мақсаты санайтындықтан, маңызды имиджді жобалардың қатарына жатады.
Отандық және әлем мәдениетінің жауһарларын насихаттайтын, өнерге деген ұрпақтар сабақтастығын ұштастыратын облыстық филармонияның кәсіби ұжымдары фестиваль концерттерінің негізгі қатысушылары болып табылады.
«Көкшетау – тал бесігім» фестивалі аясында 11 сәуір күні К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің қатысуымен Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, дирижер Жалғасбек Бегендіковтің шығармашылық кеші өтеді.
Көкшелік көрермендер қазақтың кәсіби дирижерлік мектебінің алыптары Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев сынды дара тұлғалардың төл шәкірті, ісін жалғастырушы ізбасары, тұғыры биік дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Шамғон Қажығалиев атындағы І Республикалық дирижерлер байқауының лауреаты Жалғасбек Әмірханұлы Бегендіковтің шыңдалған өнерін тамашалайды. Концерттік бағдарламада өз ісінің майталман шебері Жалғасбек Бегендіковтің жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрпінің сүйемелдеуінде жалынды жыршы Махамбеттің «Жайық асу», «Жұмыр қылыш», Б.Жұманиязовтың «Махамбет» операсынан романс, Н.Тілендиевтің «Махамбет» шығармасын және тағы басқа да танымал Қазақстан композиторлардың атақты төл туындылары орындалады. Филармонияның күміс көмей, жез таңдай әншілері Аягөз Қалмағанбетова, Серікболсын Бекмолдин, Эльмира Төлеубаева оркестрдің сүйемелдеуінде өз өнерлерін ортаға салады.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/844-k-kshetau-tal-besigim-festivali.html#sigProIdf7a2c3aa65