Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында 76-концерттік маусымның ашылуы аясында 18 қазан күні сағат 19.00-де К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті өтті. Көркемдік жетекшісі және бас дирижері - Берік Сарыбай. Кешке арнайы шақырылған қонақтар – Қырғызстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «ДАҢҚ» орденінің кавалері, профессор Бақтыбек Тилегенов және солист, халықаралық байқаулардың лауреаты Шарипбек уулу Расулбек.
«Қазақ-қырғыз бір туған» дегендей түп-тамыры бір, діндес, тіндес етене жақын екі елдің туысқандығы мен достығы ғасырлар бойы жалғасып келеді.Тыныс-тіршілігі мен салт-дәстүрі ұқсас елдің өнері мен музыкасы да астасып жатыр. Бұл кеште көрермендер достығы жарасқан екі елдің тың шығармашылығымен таныса алды. Күмбірлеген қазақтың қара домбырасымен жарыса төгілген қырғыздың ұлттық аспабы – комузды да тыңдауға мүмкіндік туды. Сонымен қатар Әбілсерік Камашев (домбыра) пен Шарипбек уулу Расулбектің (комуз) орындауында күй-тартыс орындалды. Қырғызстанның танымал дирижері Бақтыбек Тилегеновтың жетекшілігімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі А.Айталиевтың «Нарындан жазган салам кат», «Жылкычылар», А.Жумакматовтың «Ак-куу» т.б. да қырғыз халқының төл туындыларыорындалды. Оркестр дирижер Жанат Рашиттың жетекшілігімен К.Күмісбековтің «Еңбек салтанаты», «Сары өзен саздары», Ереулі атқа ер салмай», Құрмағазының «Сарыарқа», «Балбырауын» және т.б. да тамаша туындыларды көрермендерге тарту етілді. Жезтаңдай әншілер Аякөз Қалмағанбетова мен Абзал Ес те өз өнерлерін ортаға салды.