29 қыркүйек күні 19.00-де филармония төрінде қазақтың көрнекті композиторы, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығаршашылығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Бақыт құшағында» атты ән кеші өтеді. Дирижері «Құрмет» орденінің иегері Тұрлыхожа Базаров, көркемдік жетекшісі және бас дирижері Жанат Рашит.
Артынан сырлы, нәзік, ырғақты 300-ге жуық ән жазып қалдырған, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың өлмес мұрасы – сазды әндері бұл кеште филармония әншілерінің орындауында төгіледі.
Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр.
Кеш барысында көрермендер Шәмшінің көпшілікке танымал әндерін филармония әншілеріне қосыла орындай алады.
Сонымен қатар Қазақстанның халық әртісі Шолпан Дүкімбаева «Кешікпей келем деп ең», «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов «Теріскей айналайын», «Мәдениет қайраткері» Гүлжан Ахметова «Ақмаңдайлым» және «Ән ғұмыр», Серікболсын Бекмолдин «Сыған серенадасы», Аякөз Қалмағанбетова «Арыс жағасында» және тағы басқа да әндерді ән сүйер қауымға тарту етеді.
Ән кешін көркем сөзбен көркемдеуші Алтынай Искакова.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/802-sh-mshi-aldaya-ov-nderini-keshi.html#sigProIdc2a3063b8e