13 сәуір күні филармонияның концерт залында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен филармония әншілерінің қатысуымен әнші «ҚазКСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» Еркін Біржановтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Кеш барысында әншінің орындаған әндері көпшіліктің назарына ұсынылды. Еркін Омарұлының балалары мен немерелері де өз өнерлерін ортаға салды. Оркестрдің сүйемелдеуімен ұлы Сәкен Біржанов «Аяулы менің мекенім» әні мен «Айсұлу» операсынан Серке каватинасын орындаса, Дәурен Біржанов прима-домра аспабында «Жаворонок» шығармасын көрермендерге тарту етті. Ал атасының жолын қуып, өнер жолына қадам басқан немерелері Арсен Еркін оркестрдің сүйемелдеуінде флейта аспабында Дж.Ласттың «Одинокий пастух» шығармасын, Адина Еркін фортепианода Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнінің вариясын, Хасен Еркін Гиллоктың «Каникулы в Испании» шығармасын орындады. Ш.Азнавурдың «Вечная любовь» туындысын Айару мен Адина Еркін фортепианода сомдады.
Бұл кешке филармония әншілері: «Мәдениет қайраткерлері» Гүлжан Ахметова, Жанат Есов, Республикалық байқаулардың лауреаты Шыңғыс Сәрсенбай, Аякөз Қалмағанбетова, Серікболсын Бекмолдин, Фархат Сағымбай, Мирзат Молдаханов қатысты.