05 сәуір күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында  «Гәкку» би ансамблі мен «Аманат» би студиясының «Көктем шуағы»  атты коцерті өтті.

«Гәкку» би ансамблі   филармонияның  ғана емес,    барлық  Ақмола өңірінің бетке ұстар  «інжу-маржаны» атанған,  қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы  жалғыз  кәсіби  хореографиялық ұжым  болып табылады. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі «Мәдениет саласының үздігі»   Гүлмира Ордабаеваның жетекшілік етуімен талай асуларды бағындырып, өнер саласында өз орнын ойып алды. Ансамбльдің репертуары өте бай, қазақ халық  билерінен бастап, басқа халықтардың биі мен заманауи би үлгілері де бар.

Ал «Аманат» би студиясы - би әлеміне қадам басқан балдырғандарға би әліпбиін үйретіп, баулып,  балаларды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама  негізіндегі  би студиясы. «Аманат» би студиясына             4 жастан бастап 17 жасқа дейінгі балалар қатысады. Гүлмира Ордабаеваның  жетекшілік етуімен «Аманат» би студиясы ортаншы тобы 02 сәуір күні Петропавл қаласында өткен «Таланты Казахстана» халықаралық би биқауында Гран-при иегері атанды.

Концерттік бағдарлама барысында «Гәкку», «Аманат» би ұжымдарының   «Көктем лебі», «Көкпар», «Көш керуен», «Сарбаз қыздар», «Гүлдер» биі, «Жыл құсы» және т.б. да билер көпшіліктің назарына ұсынылды.  Филармония әншілері   Серікболсын  Бекмолдин мен Аягөз Қалмағамбетова да ән шашуларымен концертті ажарландыра түсті.

«Ән - би» десе ішкен асын жерге қоятын халқымыз үшін бүгінгі концерт - нағыз отшашу, мереке болды.

Онлайн кім

Қазір 390 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр