5 мамыр күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахна төрінде «Мәдениет саласының үздігі» Ләззат Едрисованың 50 жылдық мерейтойына арналған «С песней в унисон» атты мерекелік концерті өтті.
Өнегелі өнердің ортасында жүрген Ләззат Әлшоразқызының қазіргі таңда өзінің сүйікті тыңдарманы, көрермені бар. Филармонияның барлық оркестрлерімен жұмыс істей отыра, өзінің вокалдық репертуарын байытып, толықтырған әнші халық әндерінен бастап, эстрадалық және джаз бағытындағы әндерді де шарықтата шырқап жүр.
Концерт Ләззат Едрисованың орындауында халық әні «Ахау керіммен» ашылды. Концерттік бағдарламаға эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Гәкку» би ансамблі мен камералық хор қатысты. Кеш барысында Ләззат Едрисованың үзеңгілес әріптестері: Марина Зяблинцева, Серікболсын Бекмолдин, Дмитрий Петюль, Алибек Ахмалишев, Жұмабике Омарова, Айгерім Шалқарова мерейтой иесін құттықтап, бірге өнер көрсетті.
Анасының жолын қуған Мадина Едрисова анасымен бірге Фред Эбб, Джон Кандердің «Весь этот джаз» шығармасын орындаса, ізбасар оқушысы Азиза Зайнидинова әншімен бірге А.Пиппердің «Мы танцуем джаз» шығармасын шырқады. Өнер жолында жүрген сіңлісін құттықтап, Ғалия Минайдарова да Ләззатпен қосыла А.Зацепинның «Весений вальс» шығармасын орындады. Кеш «Тәуелсіздік жырымен» аяқталды.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/699-s-pesnej-v-unison-kz.html#sigProIdbb8119bc70