1 мамыр күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблінің «Еңсесі биік Егемен ел» атты концерті өтті.
Елімізді мекендеген 130-дан артық ұлт пен ұлыс өкілдері арасындағы татулық пен ынтымақтастықты, бірлік пен бейбітшілікті насихаттайтын мерекенің орны ерекше. Қазақстан халқы үшін маңызы зор мереке 1996 жылдан бастап жыл сайын тойланып келеді.
Осы мерейлі мейрамға арналған концерттік бағдарлама қанықты, есте қаларлықтай болды. Мың бұралған «Гәкку» би ансамблі мен Әнуарбек Файзуллин жетекшілік еткен «Айнакөл» фольклорлық ансамблі «Зартунк» армиян биі, «Опа» грек әуені, «Русские наигрыши», «Шығыс рапсодиясы», «Жайма қоңыр» және тағы басқа да қызықты, тартымды шығармаларды орындады. Филармонияның күміс көмей, жез таңдай әншілері Жанат Есов, Эльмира Төлеубаева, Төлеген Амановтың орындауында көрермендер «Ой көк», «Ахау керім», «Елге сапар» әндерін тыңдай алды.
Концертті Алтынай Искакова мен Уатхан Самат жүргізді.