Дыбыстарды біз туған кезден бастап естіп келеміз. Жапырақтардың сыбдыры, тұяқтардың тықылы, жауған жаңбырдың дыбысы мен желдің гуілі, қоршаған ортадағы әрбір дыбыс бізге таныс.
Сонда дыбыс дегеніміз не? Ал музыка дегеніміз ше?
Мүмкін дыбыс дегеніміз музыка шығар, жоқ, мүмкін керісінше, музыка бұл – музыкалық аспаптардың көмегімен төгілген дыбыстардың бір арнаға құйылған өмір әуені болар.
Музыкалық аспаптар – кез-келген халықтың мәдениеті мен тарихының бір бөлігі, себебі музыкамен барлық көңіл-күйді, сезімді, эмоцияны беруге болады. Бұл мажор мен минор сынды, егер көңіл-күйіміз жоқ кезде біз минор ырғағындағы әуендерді, ал көңіл –күйіміз шарықтап тұрған кезде мажор ырғағындағы әуендерді тыңдайтындығымыз осының куәсі.
Әнуарбек Файзуллин жетекшілік еткен «Айнакөл» фольклорлық ансамблі өз көрермендерін «Фольклорлық аспаптар әлеміне саяхат» атты дәріс-концерттерімен жылдар бойы қуантып келеді.
Бұл дәрістер ұлттық аспаптарды танып-білуге ғана көмектесіп қоймайды, сондай-ақ аспаптардан төгілген сазды әуеннің тұңғиығына бойлап, ләззат алуға мүмкіндік береді.