Қорамсаұлы Ақан сері – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында 1843 жылы туып, сол ата мекеніндегі  Бұлақ басы, Құлагер  құдығы деген жерде  дүние салған.Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір-салт оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алайкөк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-ақ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге  деген перзенттік махабаттың жарқын айғағы.

Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айырықша ықпал еткен.

Ақанның ғашықтық, өмірге соншалықты іңкәр ғазалдарының сиқыр сазы, кемпірқосақ шұғыласына малынғандай, таңдай таза, ынтық әуезі қандай шіркін! Осындай дарқан әндерді тыңдау жанның рахаты. Ендеше, филармонияның дәстүрлі әншісі, республикалық байқаулардың жеңімпазы Шыңғыс Сәрсенбайдың орындауында «Шырмауық» әнін қабыл алыңыздар!

Онлайн кім

Қазір 332 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр