Ұлтының ұлық өнерін жан-тәнімен сүйіп өткен ақын, әнші-сазгер Тыныштық Шаменов. Тыныштық аға 1942 жылдың 13 наурызында Еңбекшілдер ауданының Прогресс ауылында дүниеге келіп, Ақмола ауыл шаруашылығы институтында білім алған. Алғаш халыққа ақтаңгер айтыс ақыны ретінде танылды. Өмірінің көбі Көкшетау облысы Ленинград ауданының Айсары ауылында өтіп, облыста ең алғашқы «Қарлығаш» өнер мектебін ашты.
Сазгердің «Әке толғауы» әні 1987 жылы Қазақстан әуесқой композиторларының фестивалінде дипломант атанды. 1988 жылы республикалық конкурста «Ертіске» әні, Санкт-Петербург қаласында өткен «Шлягер-91», Қырғызстанда өткен Орта Азия елдері байқауларында «Сол бір кеш» әні бірінші орынды жеңіп алды. «Айсары әуендері» әні Мәскеу сахнасында шырқалды. Жалпы, 130 ән, бірнеше өлеңдер жинағын шығарды.
Көкірегі қазына, жан жүрегі елге деген махаббатпен лүпілдеген Тыныштық Шаменов ағамыз жайлы филармонияның дәстүрлі әншісі, жоба авторы Сәрсенбай Хасенов баяндайды.