28 қаңтар күні сағат 18.30-да Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының концерт залында симфониялық оркестрдің «Мелодия экрана» атты концерті өтті, бас дирижері - Берік Сарыбай. Концерт бойы музыкалық кештің авторы, «Астана Опера» МОБТ дирижері, Республикалық конкурстардың лауреаты Алихан Идрисовтың іріктеп алған сазды әуендері орындалды. Астаналық өнер сүйер қауымның жүрегін жаулап алған бұл жоба жеті жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Экран әуендері жоба авторының заманауи өңдеуінен кейін жаңаша естіледі. Бұл жоба міне Көкшетауда да қойылып, өз көрермендерін жинады.

Дыбыстық киноны ойлап тапқаннан бері музыка мен кино бір-бірінен ажырамастай болып біртұтасты. Көрермен-тыңдармандар әрдайым әндерді тиісті фильмдерімен байланыстыра елестеді, егер біздің сүйікті фильмдеріміз музыкасыз болса, біртүрлі, тартымсыз болып шығар еді. Ал кейде саундтректер сол фильмдерінен де асып түсіп, танымал болып жататындығыда бар.

Концерттік бағдарламада танымал отандық, советтік және шетелдік кинофильмдерден алынған музыкалар мен әндер орындалды.

«Махаббат станциясы», «Игла», «Тот самый Мюнхгаузен», «Долгая дорога в Дюнах» сынды фильмдерден алынған жүректі тербейтін әуендерді оркестр мен Алихан Идрисов рояльда орындап, тыңдармандарына әдемі көңіл-күй сыйлады. Олар сол фильмдерді көріп отырғандай әсерде болды. «Зимний вечер в Гаграх» фильмінен алынған «Чечетка» маэстроның асқан шеберлікпен дирижерлік етуінің арқасында залдың қосыла орындауымен ерекшеленіп, көрерменін баурап алды. Бэк-вокал ретінде өнер көрсеткен хор ұжымын ерекше атап өткен жөн, ол оркестрдің нағыз әшекейіне айналып, музыкалық аспаптарды толықтыра түсті.

Мерғали Хамит көпшіліктің сүйіп тыңдайтын «Алматы» әнін орыс және қазақ тілінде шарықтата шырқады. Жиналған қауым сонау артта қалған советтік дәуірді еске алып, сол кездегі қарапайым адами қатынасты сағынғандай күй кешті. Ал «Мәдениет қайраткері» Гүлжан Ахметованың орындауындағы «Бөтен балалар» фильмінен алынған «Келші, келші, балашым» әні аналық сезімге, жылулыққа толы болды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында «Тоғысқан тағдырлар» атты алғашқы қазақстандық сериал жарыққа шықты және өз кезінде өте танымал болды. Осы сериалдағы ән де көпшілікке кеңінен танылды. Арай Абжанова мен Фархат Сағымбай осы қазақстандық саундтректі тамылжыта орындады. «Ән аға» фильмі бойынша Ш.Қалдаяқовтың әндерінен құралған попурри филармония әншілері: Аягөз Қалмағанбетова, Арай Абжанова, Фархат Сағымбай мен Мерғали Хамиттің орындауында ерекше әдемі, керемет шықты.

Ал әлемдік киноны сүйіп қарайтындардың назарына «Титаник» және «Шервудские зонтики» фильмдерінен алынған саундтректер ұсынылды. «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов пен Нұргүл Нұритденнің, Эльмира Камарницкаяның орындауында әлем жауһарлары өз тілінде төл нұсқасында (француз, ағылшын тілдерінде) орындалды.

Аты аңызға айналған советтік фильмдерден алынған жүректі тербейтін әуендер де көрермендерін немқұрайлы қалдырмады. «Мәдениет қайраткері» Жанат Есовтің орындауындағы «Ақ рояль» кинофильмінен алынған А.Зацепиннің «Лунная серенада» әні алпысыншы жылдарды еске салып, фильмді тағы бір қайталап көруге деген құштарлықты оятты. «Служебный роман» фильмінен алынған «У природы нет плохой погоды» композициясын Анастасия Мельник орындады. Марина Зяблинцева «Бриллиантовая рука» фильмінен алынған А.Зацепиннің «Помоги мне» әнін ерекше мәнерде, әртістік тұрғыда беріле орындады. Зал болса әнге қосыла шырқады. Марина Зяблинцева мен Эльмира Камарницкаяның орындауындағы «Ирония судьбы.Продолжение» кинофильмінен алынған «Опять метель» әні концертті ажарландыра түсті, көрермендер үшін тосын сый болды. Әнші Ләззат Едрисова А.Зацепиннің «Ищу тебя», «Битва за Севастополь» кинофильмінен алынған «Кукушка» әндерін жігерлене орындап, көрермендеріне жеткізе білді, әннен әсер алған көпшілік көздеріне жас алды.

Эльмира Камарницкая мен барлық әншілер қосыла шырқаған «Мэри Поппинс, до свидания» кинофильмінен алынған М.Дунаевскийдің «Ветер перемен» әнімен кеш аяқталды. Жиналған қауым кеш бойы оркестр мен әншілерге, маэстро Алихан Идрисовқа қошемет көрсетіп, ризашылықтарын білдіріп отырды. Көрермендер үшін уақыт зымырап өте шықты. Сүйікті кинофильмдерінен алынған өздері білетін ескі әндер балалық балғын шақтары мен жас кездерін еске түсірді. Осындай әдемі кешке халық көп жиналып, концерт залы лық толы болды.

Онлайн кім

Қазір 62 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр