Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында көпшіліктің көңілінен шыққан музыкалық кофеханалар жалғасын табуда. 22 желтоқсан күні сағат 15.00-де филармонияның шығармашылық ұжымдары сүйікті көрермендерінің назарына «Муза зима» атты музыкалық кофеханасын ұсынды. Кешті дәрісші-музыкатанушы Юлия Никитенко жүргізді.
Табиғаттың әрбір маусымы өзіне тән қызығы мен сейіл-серуенімен ерекше. Қыс мезгілі де өзіндік кіршіксіз аппақ қарымен, сықырлаған аязымен, бұрқасын боранымен есте қалады. Бұл мезгілде адамдар табиғаттың құпиясын, ерекше бір ұмытылмас сәттерін тамашалай алады. Бүгінгі кеште көрермендер мамықтай ұлпа қарға оранған, жақұттай жалтырап көздің жауын алатын сиқырлы қыс мезгілінің құпия сырларын бізбен бірге тамашалады.
Концерттік бағдарламада камералық музыка ансамблі, камералық хор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева, «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева, Республикалық байқаулардың лауреаты Аякөз Қалмағанбетова өнер көрсетті. Концертмейстерлері: Ольга Гергель, Наталья Грицаева, Ярослава Кравцова. Сонымен қатар музыкалық колледж студенттері Алтынай Әйтен мен Дарья Бондаренко концертке қатысып, әнмен шашу шашты.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/47-top-stories/zha-aly-tar/986-muza-zima.html#sigProId2ceb87aca7