Ақмола облысы әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы 19-22 маусым аралығында филармонияның концерт залында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің 30 жылдығы аясында «Дала сыры» І аймақтық қазақ халық аспаптар оркестрлері фестивалін өткізді.
Еліміздің 4 аймағынан арнайы шақырылған, шығармашылығы шыңдалған оркестрлер Көкшетаулық көрермендердің назарына қанықты концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Республикамыздың өңірлері арасында өткізілетін бұл фестиваль халқымыздың бай, қайталанбас музыкалық мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, музыкалық өнерімізді дамытып, асқақтатуға, қазақ халық аспаптары оркестрлер ұжымдары арасындағы достастық және шығармашылық байланысын нығайта түсуге ықпал етеді.
Өзара тиімді байланыстарды кеңейтіп, жаңа шығармашылық дәстүрлердің тууына ықпал ететін, Қазақстанның мәдени имиджінің ең үздік үлгілерін ауқымды түрде насихаттайтын фестиваль аясында Қазақстанның әр аймағынан арнайы шақырылған фестиваль қонақтары - қазақ халық аспаптар оркестрлері өнер көрсетті. Атап айтсақ, 19 маусымда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі (Астана қ.), 20 маусымда М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі (Ақтау қ.), 21 маусымда Әміре Қашаубаев атындағы Абай облыстық филармониясының Б.Төлегенова атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (Семей қ.), 22 маусымда Жетісу облыстық филармониясының М.Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (Талдықорған қ.) мен Көкше жерін ән-жырға бөлеп, сусындатқан оркестрлер фестивалінің қорытынды гала-концерті Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің негізінде, басқа аймақтардан келген дирижерлер мен солистерінің қатысуымен өтті.