10 ақпан күні филармония залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазының «Дариға-дәурен» атты жеке концерті өтті.
Кешегі асылдарымыздың толқынды ізін жалғастырып келе жатқан, халықтың ән өнерін жарқырата дәріптеп жүрген Рамазан Стамғазы көкшелік өнер сүйер қауымның назарына қанықты концерттік бағдарламасын ұсынды. Әнші К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде «Ойланшы өзің», «Секіртпелі семсер» сынды халық әндерін, Жаяу Мұсаның «Ақшашақ» әнін тамылжыта орындады. Қазақтың дәстүрлі ән мәдениетінде ерекше қолтаңбасымен танылған әнші халқымыздың киелі қара домбырасын қолға алып, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін», Балуан Шолақтың «Ғалиясын» және тағы басқа да сирек орындалып, ұмыт болып бара жатқан әндерді әуелете шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Рамазан Өмірәліұлының әрбір ісіне тірек болып келе жатқан жан жары, «Құрмет» орденінің иегері Ұлту Қабай халық әні «Ақтолғай» мен М.Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» әндерін көпшілікке тарту етті.
Кеш барысында филармония әншілері Сәрсенбай Хасенов пен «Мәдениет саласының үздігі» Эльмира Төлеубаева да өнер көрсетті.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/47-top-stories/zha-aly-tar/828-ramazan-stam-azyny-dari-a-d-uren-atty-zheke-kontserti-tti.html#sigProId81e792e559