Қаңтар айының 16 күні сағат 18.30-да Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының концерт залында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрімен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, күйші, композитор, дирижер Нұрлан Бекеновтің «Шаттан, елім!» атты шығармашылық концерті өтті.

Концертте Н.Бекеновтің өзі шығарған «Орақты батыр», «Сағыныш», «Жайлауда», «Шаттан елім», «Қызғыш құс», «Мұқағали» шығармалары, сондай-ақ қазақ және шетел композиторларының туындылары орындалды. Сегіз қырлы, бір сырлы бүгінгі кеш иесінің өз шығармаларын қасиетті домбыраға салып, күмбірлете орындаған орындауы, ұлттық өнердің бағасын білетін саңлақ бағалаушыларды бейжай қалдырмағаны анық.

Н.Бекеновтің «Орақты батыр», «Мұқағали», Мұрат Өскенбаевтың «Жеңіс», Н.Қалқа, Н.Бекеновтің «Туған жер», Қайрат Жүнісовтің «Қазақстан» шығармалары патриотты тұрғыда керемет орындалды. Біздің концертімізде алғаш орындалған Н.Бекеновтің «Мұқағали» шығармасы «Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурсында «Халық аспаптар оркестрлері үшін ең үздік музыкалық шығарма» номинациясында 1 орынды жеңіп алған туынды.

Концертте Нұрлан Бекеновпен бірге 25 жылдан артық ұжымға жетекшілік етіп келе жатқан дирижер Тұрлыхожа Базаров пен болашағынан зор үміт күтуге болатын, жас дирижер Жанат Рашит та өнер көрсетті.

Бұл кеште Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының талантты әншілері де өнерлерін ортаға салды. Серікболсын Бекмолдин Н.Тілендиевтің «Алатау» әнін көрермендеріне тарту етсе, Фархат Сағымбай мен Мерғали Хамит К.Күмісбековтің «Аяулы менің мекенім» әнін тамаша орындады. Дәстүрлі әнші Шыңғыс Сәрсенбай Ақан серінің «Жиырма бес» әнін шарықтата шырқады. Ал Аягөз Қалмағанбетова әдемі, кең диапазонды қоңыр даусымен, әртістік қабілетімен көпшіліктің жүрегіне жол тауып, баурап алды. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақырылған қонағымыз Қайыржан Бердібаевтың өнер көрсетуі, көпшілік үшін нағыз тосын сый болды.

«Шаттан, елім» шығармашылық кешінің концерттік бағдарламасы табиғи дарын иесі Нұрлан Бекеновті қазақ музыкасының түп-тамырын терең сезіне білетін композитор, дирижер, күйші ретінде көрсете алды.

Концерт көрермендердің көңілінен шықты, олар әр шығарманы қошеметпен қарсы алып, жылы қабылдады, оркестр мен дирижерлардың, әншілердің өнеріне ризашылықтарын білдіріп, жоғары баға берді.

Онлайн кім

Қазір 57 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр