7 қаңтар күні әлем бойынша барлық православие қауымы басты мерекелерінің бірі – Иса пайғамбардың туған күнін тойлайды. Осыған байланысты Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы 5 қаңтар күні «Музыкалық кофехана» инновациялық жобасы аясында «Рождестволық кофехана» бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды.
Музыкатанушы Юлия Никитенко Рождество мерекесінің тарихын, Киелі кітапта жазылған (библия) аңыздарды, осы мерекемен қатар жүретін салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды қызықты әңгімелеп берді.
Концерт хормейстер Галина Колесникова жетекшілік еткен хордың орындауындағы С.В.Рахманиновтың «Богородица, дево, радуйся» және белгісіз автордың «Бог любит всех людей» шығармаларымен басталды. Балалар өнер мектебінің жас әншілері Маша Кокарева мен Айым Мукитанова Уэббердің «Pie Jesu» мен «В пещере ослик кушает овес» әндерін әдемі періште дауыстарымен шарықтата шырқады.
Танымал «Аве Мария» латын дұғасына талай композиторлар жүгініп, қаламына тиек еткен. Бұл кеште де «Аве Мария» шығармасының аспапқа салынған Бах-Гуно нұсқасы камералық оркестрдің және Илья Чапанидидің жеке орындауында, ал вокалға түсірілген П.Масканьидің жобасы Аягөз Қалмағамбетованың орындауында тыңдалды.
«Щелкунчик» шығармасынсыз қандай Рождество өтпек? П.И.Чайковскийдің танымал балетінен Феи Драже биі мен «Па де де Адажио» биін симфониялық оркестрдің орындауында «Гәкку» би ансамблінің бишілері Аружан Талапкерова мен Корней сомдады. Кешті «Гәкку» би ансамблі мен Көкшетау университетінің курсанттары П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан алынған полонезбен безендіріп, ажарландыра түсті. Жұптаса билеген бишілердің әдемі дөңгелей билеген биі көздің жауын алды.
Періштелердің таңдап алған Рождество ағашы – шырша. «В лесу родилась елочка» танымал балалар әнінің Крамер өңдеген нұсқасын Анна Батлукова сыбызғыда, Наталья Грицаева фортепианода ойнап, мерекелік жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады. Эльмира Камарницкаяның орындауындағы «Белые ангелы» әнін «Гәкку» би ансамблі әдемі биімен толықтыра түсті.
Рождествода ерекше ән - Рождество әнұраны орындалады, бұл интернационалдық дәстүр. Шекті квинтеттің орындауындағы «We wish you a merry chrismas» рождестволық әнұран өте танымал. Ал Германияда А.Губердің «Тихая ночь» әнінсіз Рождествоны елестету мүмкін емес. Бұл неміс халқының рождестволық әнұранын Галина Колесникова жетекшілік еткен хор орындады. Сантаның шәпкесін киіп алып орындаған камералық оркестрдің ( дирижері Жанат Рашид) «Джингл беллз» шығармасы көрермендер үшін тосын сый болды.
Рождестволық кофехана Эльмира Камарницкаяның ғажайып орындауындағы Леонарда Коэнның «Аллилуйя» танымал әнімен аяқталды, періште киімін киген «Гәкку» би ансамблінің ең кішкентай бишілері әннің көркін кіргізе түсіп, көпшіліктің көзайымына айналды.
«Рождестволық кофехана» бағдарламасы қызықты да ерекше шықты, оны тамашалауға жастардан бастап, орта және жоғарғы буын өкілдері келді. Концерт жанға жайлы ерекшелігімен мерекелік көңіл-күй сыйлады
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/47-top-stories/zha-aly-tar/499-20-01-20.html#sigProIda221d002e7