7 мамыр күні Көкшетау қаласының «Тәуелсіздік» алаңында Ақмола облысы әкімдігі мен мәдениет басқармасының аясында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл іс-шара барысында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі, «Гәкку» би ансамблі мен әншілері өнер көрсетті.

Еліміз үшін маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі саналатын бұл мереке «Гвардейский» жаттығу алқабында өткен әскери шеруді тамашалаумен басталды. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі С.Ә.Жасұзақовтың Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысына берген баяндамасынан кейін барлық қазақстандықтарды Елбасы - Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев  құттықтады. Одан соң көпшілік LED экраннан жаяу әскерлер мен әскери техника колонналарының шеруін, әуе күштерінің қойылымын тамашалауға таптырмас мүмкіндік алды. Әскери шеру трансляциясынан кейін біздің өңіріміздің  салтанатты іс-шарасы басталды. Ақмола облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы  Р.С.Қасымов Ақмола облысы әкімінің орынбасары А.Е.Мысырәлімоваға әскери бөлімшелердің Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жүріп өтуге дайын екендігін баяндады.

Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік  гимні орындалды, барлық халық жүрегіне қолдарын қойып әнұранға қосылды.  Ақмола облысы әкімінің орынбасары А.Е.Мысырәлімова барлық ақмолалықтарды мерекемен құттықтап, әскери борышын адал атқарып, мінсіз қызмет істеп жүрген әскери бөлімшелердің, құқық  қорғау  құрылымдарының әскери қызметкерлерін, ТЖ қызметінің қызметкерлерін, әскери-патриоттық клубтардың өкілдерін облыс әкімінің алғыс хатымен,  ҚР Қорғаныс министрлігінің «Мінсіз  қызметі үшін»  медалімен  марапаттады. Ақмола облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің  басшысы  Р.С.Қасымов 2017 жылғы жедел  әскери  қызметке  азаматтарды  шақыру нәтижесі бойынша  ең үздік аудандық  қорғаныс бөліміне  жалаушаны (вымпел) тапсырды.   Әскери қарумен №5510 әскери  бөлім мен «Арлан» мамандандырылған бөлімшесі  көрнекі қойылым көрсетті.

Мерекелік концерт «Қазақстан – менің Отаным»  керемет  мерекелік  музыкалық композициясымен ашылды, оған «Гәкку» би ансамблі мен «Көкшетау» МС хореографиялық  ұжымдары, ҚР ІІД ТЖК Көкшетау  техникалық институтының  ту көтерген курсанттары, «Томирис»  әскери-патриоттық клубы мен  филармония әншілері  қатысты. Облыстық филармонияның  эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен  әскери бөлімшелер мен  әскери-патриотттық клубтардың қатысуымен  бөлімшелер  салтанатты жүріп өтті.

Мерекелік концерттік бағдарлама  филармония әншілерінен құралған квартеттің орындауында Ж.Жексенұлының репертуарынан алынған  «Қазақстаным» патриоттық әнімен басталды. «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов  А.Пахмутова мен Н.Добронравовтың «Я люблю тебя, жизнь» танымал композиясын орындады, халық әншіге қосыла  сүйікті әндерін аспандата шырқады.   «Алтын»  жастар тобы  М.А.Әуелбековтың  «Толғау» әнін орындады. Әдемі орындаудағы әсем әуен  халықтың көңілінен шығып, орындаушылар қошеметке бөленді.  Филармонияның дарынды жас әншісі  Батыржан Бағдат  «Батырлар  ұраны»  тобының репертуарынан «Алаш ұлы» әнін орындаса, Ләззат Едрисова мен  Марина Зяблинцева мереке иелеріне арнап «Защитники Отечества» әнін асқақтата шырқады.

«Гәкку» би ансамблі (жетекшісі Гүлмира Ордабаева) мен  Көкшетау  техникалық институтының  курсанттарынан құралған жұптардың орындауындағы  кербез әдемі, салтанатты «Көктем вальсі» көздің жауын алды.  Елена Новак жетекшілік еткен  «Muzband» тобы Көкшетау тақырыбындағы    әндерден попурри  орындады, туған өлкесінің сұлулығын жырлаған жас әншілердің өнерін халық жоғары бағалап, қошемет астына алды. Фархад  Сағынбаев  Дінмұхамед пен б.Бексарының  «Жүрегім  қазақ»  әнін орындады. «Melody»  дуэті (жетекшісі Елена Новак)  «Жастар»  әнін көпшілікке тарту етті, сонымен қатар «Muzband» тобымен бірлесіп  қазақ әндерінен попурри орындады. Концерт «Muzband» тобының орындауындағы «Welcome to Kazakhstan» әнімен аяқталды.

Іс-шара кезінде алаңда  патриоттық  рух қалықтап, мерекелік көңіл-күй орнап,  бәйбітшілік пен шаттық иісі аңқып тұрды.

Онлайн кім

Қазір 126 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр