Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы «Музыкалық кофехана» инновациялық  жобасы аясында  талғампаз тыңдармандарын  камералық музыка әлеміне тартты. 2018 жылдың 10 сәуірінде «Камералық музыка кеші» атты ерекше концерт өтті. Музыканың бағасын білетін, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандарға жанға жайлы отбасылық атмосферада нәзік, жайдары музыкадан ләззат алып демалуларына қолайлы жағдай жасалды. Арнайы дайындығы бар, музыкадан хабары бар тыңдармандарға арналған концерттік бағдарламаға қазақ және әлем классиктері: Ш.К.Сен-Санс, С.В.Рахманинов, А.П.Бородин, Ғ.А.Жұбанова, В.И.Сапаровтың шығармалары енді. Бұл шығармаларды филармонияның талантты  музыканттары, өз ісінің хас шеберлері: Анна Батлукова (флейта), Роман Гомозов (кларнет), Жұмабике Омарова (скрипка), Анна Ивенина (скрипка), Анна Байсеитова (альт), Людмила Багапова (виолончель), Ольга Гергель, Жанар Искакова, Наталья Грицаева (фортепиано) орындады. Концерттің жүргізушісі – әуентанушы  Рена    Жұманова  тыңдармандарын  камералық музыканың ең озық үлгілерінің шығу тарихымен таныстырды.

Концерт тыңдармандарын  қуаныш пен шаттыққа бөлеген  шығармашылығы баға жетпес құндылыққа айналған, туындыларының тақырыбының өзі-ақ еуропа жанры мен аспаптарын анықтап тұратын, ал ғажайып музыкасы бірінші естіген кезден бастап жан-дүниеңді баурап алатын, жүрегіңді елжірететін  қазақ композиторы, педагог,  КСРО халық әртісі Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың  «Струнный  квартет №1» І бөлімімен басталды.

Концерт барысында музыканттар ХІХ ғасырдағы орыс  камералық классикасының жауһары саналған орыс композиторы  әрі ғалымы Александр Порфирьевич Бородинның  лирикалық  шабытқа толы толғанысы - «Струнный квартет №2» туындысының  ІІІ және ІV бөлімдерін көпшіліктің назарына ұсынды. Құдіретті музыкамен берілген пәк сезім шынайы тазалығымен, руханилылығымен жанды арбайды. Бородинның  нәзік әрі сырлы лирикасы  жарқын, жайдарлылығымен ерекшеленеді. Бородинның  камералық-аспаптық шығармашылығы  көлемі  жағынан шағын, бірақ композитор оған ерекше мән-мағына берген. Композитор алғашқы квартетін  жазып жатқан кезде «Камералық музыка - музыкалық талғам мен түсінікті дамыту үшін  таптырмас құралдардың бірі екендігіне мен аса сенімдімін» деп жазған болатын.  Бұл ғажайып сырлы шығарманы орындауда музыканттар әртістік қабілеттілігімен, қырланған техникалық орындауымен көзге түсті.

Француз композиторы, органшы, дирижер, пианиношы Шарль-Камиль Сен-Санстың флейта мен кларнет  сынды  өзара туыстас аспаптардың қатарына жатпайтын, бірақ бір-біріне жақын  екі аспаты бір жағынан салыстырып, екінші жағынан қарама-қарсы қоятын  «Тарантелла для флейты, кларнета и  фортепиано» атты жарқын, жан толғандыратын туындысы орындалды. Көне итальяндық ширақы  шаруа биі саналатын бұл «Тарантелла»  алғаш 1857 жылы Парижде Джоаккино Россинидің үйінде орындалды. Үй иесі мен камералық  музыка кешіне  жиналған көрермендер шаттыққа толы, көркем, жалынды әрі қызуқандылығымен  ерекшеленетін туындыға таңдай қаға таң қала тыңдады.

Ұлы орыс   композиторы,  пианиношы, дирижер  Сергей Васильевич Рахманиновтың  саздылығы созылмалы ырғақпен қалыптасқан, кейде қайғылы оқиғаға жеткізетін терең ойлардың шиеленісуі,  боялаулардың қаттылығы мен өткір  драмалық  қарама-қарсылықтар сипатталған «Элегическое трио для фортепиано, скрипки и виолончели» туындысы нақышына жеткізіле сомдалып, керемет орындалды.  Саналуан бояуларды бір арнаға жинап, талғампаздықпен таңғажайып дыбыстарды тыңдарманына жеткізе білген скрипкашылардың ойынына,  виолончель аспабына тән нәзік талғаммен үйлесім тапқан фортепиано қосылып көрермендерін таң қалдырды, бұл - ұлы шығарманың өзіндік орындалу ерекшелігі еді.

Кеш соңында өзбек  композиторы Валерия Ибрагимович Сапаровтың өте нәзік, сырлы  «Элегия памяти Арно Бабаджаняна» туындысы орындалды. Қоштасу әуені әр көрерменнің жүрегінен орын алды, ал әртістердің әдемі өнеріне разы болған халық оларды қошеметке бөледі.

 Кеш жүргізушісі Рена  Жұманова  тек концерт нөмірлерін хабарлап қана қоймай, камаралық  музыканың  құпия әлеміне  көрермендерін жетелеп, оларды классикалық музыкаға тартып, әр шығарманың авторымен, оның шығу тарихымен таныстырды. Бұл кеште музыка мен көркем сөз өнері өзара үйлесім тауып, бір арнаға құйылды.

ХІХ ғасырдың  екінші жартысындағы ұлы композиторлардың  шығармалары ХХ ғасырдың туындыларымен бірге өріліп, ХХІ ғасырдағы танымал композициялармен  толыға түсті. Кәсіби музыканттар қазақ, орыс, әлем композицияларын асқан шеберлікпен орындай отыра, камералық музыканың санқырлығын және оның сарқылмас қазына екендігін көрсетті, аспаптық музыканың ғажайып үлгілерін орындап, романтикалық атмосфера орнатты.

Онлайн кім

Қазір 102 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр