Табиғаттың жаңарған, жасарған маусымы - гүл көктемнің шешек атқан, бүр жарған өмір мерекесі, көңіл мерекесі Наурыз мейрамына қарсаңында 18 наурыз күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Тролльдер Наурызда қонақта» атты көңілді балалар музыкалық шоуы өтті.

Қойылым  даниялық ағаш ұстасы Томас Дамның тролль-қуыршақтар сериясының негізінде америкалық  компьютерлік-анимациялық музыкалы комедиялық-шытырман оқиғаға толы мультфильмінің желісі бойынша қойылды. «Тролльдер» - кішкентай тіршілік иелері, олардың өмірі қызық-қуанышқа толы, ән мен жыр, күні бойғы таусылмайтын құшақтасулар олардың өмірінің мәні. Тролльдер көңілді, сәнді киімдерге құмар, шаштары өзгеше сәнделген, адамдардың көзіне түсуден тайсақтағандықтан шалғайда өмір сүреді. Олар адамдарша үй салады, тамақ табады, өз шаруашылығын жүргізеді. Олардың әрқайсының мінезі әртүрлі, дегенмен олардың бәріне тән бір қасиет – мейрімділігі, қайрымдылығы және өте бауырмалдығы. Қойылым кейіпкерлері бір-біріне ұқсамайды.

Ертеде Тролльдер өздерін жейтін дәу құбыжықтардан қашып, Бергендер қаласын тастап, бақытты өмір іздеп кеткен болатын. Олардың арасындағы Розочка мен Цветан  бір-біріне ғашық тролльдер. Розочка - тролльдердің ханшайымы. Олар өздерінің көктемгі  ән-жырға толы мерекесіне ұқсас Қазақстан деген жерде шуақты көктем мерекесі – Наурыз мейрамы тойланатынынан хабардар болады. Сахна төрінде жатқан ертегілер кітабынан Бауыржан шығады, ол абайсызда байдың бар гүлдерін жапырып басып тастап, енді байға қайтып баруға жүрексініп жүр екен. Кейіпкерлер қазақ батырына қол ұшын беріп, көмектескілері келеді, оларға бұлт-троллі көмектеседі. Бұлт-троллі әдемі құлпырған гүлдердің қайда өсетінін көрсетіп, бағыт сілтейді. Кейіпкерлер жайқалған гүлдер өскен бау-бақшаны тауып алады, көздің жауын алатын гүлдердің арасындағы ең сұлу Күнекейге Бауыржан бір көргеннен ғашық болады, олардың бір-біріне деген сезімі лаулай түседі. Бірақ бұл бақ Бергеннің өсірген бақшасы екен, ол Наурыз мейрамына, бейбітшілік пен достыққа, махаббатқа жаны қас зұлым екен... Дегенмен ауызбірліктің, берік достықтың, мейрімділіктің арқасында олар Бергендерді жеңеді, жауқазындай құлпырған Күнекей гүлді құтқарады, Батыржанға көмектеседі және барлығы бірге өздерінің ертегілер әлеміне қайтады. Барлық қойылым ән мен жырға толы, көңілді ойындармен жалғасады.

«Тролльдер Наурызда қонақта» қойылымы бұл тек ертегі емес, бұл - мюзикл, фэнтез, шытырман оқиға, онда жақыныңды қиындыққа душар болғанда тастап кетпей, көмектесу керек, мейрімді, адал болу керектігін көрсетеді. Қойылым балалар мен отбасыларының бірге тамашалауына арналған. Қойылым барысында жас көрермен ертегілер әлеміне бойлап, кейіпкерлер үшін қобалжып, олардың жетістігіне қуанып, өзі де солармен бірге жүргендей әсерде болады. «Тролльдер Наурызда қонақта» қойылымы жай ғана көңіл көтеретін іс-шара емес, оның танымдық, тәрбиелік мәні зор. Көрермендердің бойында сүйіспеншілік, қайырымдылық, адалдық, мейрімділік қасиеттерін қалыптастырып, достыққа адал болып, жақсы азамат болып өсуіне тәрбиелейді. Ал бойынан көктем лебі есіп тұрған Наурыз мейрамын көрермендер қойылым бойы сезініп, жақсы әсер алады.

Онлайн кім

Қазір 33 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр