Үш күнге созылған «Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестиваль марофоны 30 сәуір күні халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблінің 10 жылдық мерейтойына арналған концертпен  шымылдығын жапты. Би өнерін қадірлеп сақтаумен айналысып, оны дамытып, байытып келе жатқан Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Гүлмира Ордабаева ансамбльдің жетекшісі болып табылады. «Гәкку» би ансамблі жыл сайын өз көрермендерін қайталанбас жаңа би қойылымдарымен  қуантып, жадыраңқы көңіл-күй сыйлап келеді.

Кәсіби мәртебеге ие «Гәкку» би ансамблінің репертуры әр алуан. Бұл облыстық мәдениет колледжінің хореографиялық бөлімінің студенттері билейтін Көкшетау қаласындағы жалғыз ұжым.

Ансамбль 2014 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Х Халықаралық би мен музыка фестиваліне қатысты, ал екі жылдан кейін 2016 жылы Қазақстан-Ресей-Болгария елдері арасында өткен «Розы Казахстана» атты ІІ Халықаралық хореографиялық өнер  фестиваль-байқауына қатысып, «Жоғары кәсіби ұжым»  номинациясы бойынша 1 орынды жеңіп алды.

Ұжым мерейтойлық концертіне әр репертуарын жан-жақты мұқият ойластыра, бар күш-жігерін жұмсап дайындалды. Ансамбль репертуарындағы би қойылымдарының үлкен бір бөлігі - жетекшісі Гүлмира Ордабаеваның  қиялынан туындаған туындылар.

Мерейтойлық фестиваль бағдарламасы Н.Тілендиевтің музыкасына жазылған «Гәкку» биімен  ашылды. Әріптестерін қолдап, құттықтау үшін «Көкшетау» мәдениет сарайының дарынды бишілерінен құралған «Көкшетау» халық би ансамблі келіп, «Атадан мұра»  әдемі биін сыйға тартты (жет.Мадина Тілеулина). Жанды жадырататын бағдарлама аясында  бір биді бір би алмастырып, көздің жауын алды.  «Сыйлық» биі хореографиялық қойылымында  мың бұралған биші Перизат Серғалиева  өнер көрсетті.

Елена Новак жетекшілік еткен  облыстық филармонияның  «Muz band» вокалдық тобы «Алау» тобының  репертуарынан  «Welkome to Kazakhstan» композициясын ғажап орындап, көрермендердің жүрегін баурап алды.

«Гәкку» би ансамблі хореографиялық попурримен тағы да сахна төріне шықты. Одан соң «Айнакөл» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Бұл екі ұжым көп жылдар бойы шығармашылық байланыста тығыз жұмыс істеп келеді. Би ансамблінің негізгі репертуары «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен қойылады. Бұл жолы да «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуінде «Гәкку» би ансамблі «Орамал тастау» биін керемет орындап шықты. Ансамбльдің кішкентай топтарының құрамындағы жас бишілер де үлкендерден қалмай әдемі «Көктем көңілі» биін орындады. Осы кеште «Толғау», Қос алқа»,   «Ханшайымдар вальсі», «Сирень», «Долан машрап» билері де көрермендерге  тарту етілді. Гүльмира Ордабаева да жеке өнер көрсетіп, көрермендерін риза етті. Облыстық филармонияның саксофонистер квартеті мен солистер: Алмаз Оразалин, Жанар Найманбаева  да жеке өнер  көрсетіп, көптің көңілінен шықты.

Қатысушылар саны өзгермейтін ұжым өзінің 10 жылдық мерейтойына арналған  концертке жақсы шығармашылық формада келді. Дарынды хореографтың ізденісі мен көп еңбектенуінің арқасында  жаңа қойылымдар дүниеге келіп, ансамбльдің мәртебесі артуда. Ансамбль жетекшісінің алдына қойған басты мақсаты -  хореография  өнеріне жас буынды тартып, әлем халықтарының мәдениетімен, шығармашылығымен таныстыру, құдіретті би өнеріне деген махаббаттарын ашып, дамыту.

Онлайн кім

Қазір 104 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр