12 қараша күні филармония төрінде «Сағындырған әндер-ай» атты ерекше караоке-концерт өтті. Бағдарламада қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген, талай буынның жүрегінен орын алған сырлы да сазды әндер орындалды.

Кеш барысында қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиевтің жауһар туындылары К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен филармонияның күміс көмей әншілерінің орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды.
Әсіресе, Шәмшінің «Арыс жағасында», «Өмір-өзен», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақ бантик», «Бақыт құшағында», «Сыған серенадасы» сынды сырлы әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір әуен залға жиналған қауымның жүрегіне жол тауып, көпшілік бірге қосыла шырқады. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің «Кел, еркем, Алатауыңа», «Әке туралы жыр», «Құстар әні», Ескендір Хасанғалиевтің «Асыл арман», «Аңсағаным», «Атамекен» әндері де көпшілікті толғандырып, рухани ләззатқа бөледі.
Бұл әндер – тұтас бір дәуірдің үні, талай жүректің сыры, сағыныш пен махаббаттың әуені. Әр шығарманың әуенімен бірге көрермен жүрегінде өткен күндердің жылы лебі сезіліп, ән арқылы ұрпақтар сабақтастығы мен рухани үндестік айқын көрініс тапты. 
Кеш барысында «Гәкку» және «DNK» би ансамбльдері де өнер көрсетті.
«Сағындырған әндер-ай» караоке-концерті көрерменге ұмытылмас әсер сыйлап, жүректерде сақталған әндерге деген сағынышты қайта оятты.

Онлайн кім

Қазір 100 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр