23 қазанда «Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі М.М. Ахметжановтың қатысуымен Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін айшықтайтын, ұлттық рух пен елдік сананы асқақтататын айтулы мереке аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды. Бұл – туған елінің өркендеуіне адал еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет пен олардың еңбегіне берілген жоғары бағаның белгісі.
Мерекелік кештің концерттік бағдарламасы ұлттық өнер мен заманауи эстрадалық шығармаларды үйлестіре отырып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Сахна төрінде Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Гәкку» би ансамблі және филармония солистері өнер көрсетті.
Сондай-ақ мерекелік бағдарламаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, «Парасат» орденінің иегерлері Жеңіс Ысқақова, Құрмаш Махан және Жанна Орынбасарова қатысып, әсем әндерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар «AZIA» және «MELOMEN» топтары танымал әндерін орындап, көкшетаулықтарды Республика күнімен құттықтады.
Ән мен күйге, әсем би мен жарқын әсерге толы мерекелік кеш ел бірлігі мен ұлттық рухты ұлықтаған тағылымды шараға айналды. Өнерпаздардың орындауындағы шығармалар халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеп, туған елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін асқақтатты.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/47-top-stories/zha-aly-tar/1278-respublika-k-nine-arnal-an-saltanatty-is-shara-tti.html#sigProIdecd6ea4e67

