27 сәуір күні «Гәкку» би ансамблінің Халықаралық би күніне арналған  «Айшуақ би керуені» атты мерекелік концерті өтті.  

Ақмола өңірінің бетке ұстар кәсіби би ұжымдарының бірі, халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаеваның жетекшілік етуімен, талай асуларды бағындырып, ұлттық өнерімізді әлемдік деңгейде таныстырып, шетелдерде де еліміздің көк туын желбіретіп келеді. Ансамбль өзінің жоғары орындаушылық шеберлігімен, сахналық мәдениетімен және ұлттық нақышты заманауи хореографиямен шебер үйлестіре білуімен ерекшеленеді.

Мерекелік концерт барысында көрермендер назарына қазақ би өнерінің көркем үлгілерімен қатар, әлем халықтарының билері ұсынылып, түрлі стиль мен бағыттағы әсерлі би қойылымдары қойылды. Көрермендер Гүлмира Ордабаева  қойған «Желсіз түнде, жарық ай», «Көңілді бикеш», «Сағыныш», «Қызғалдақтар», «Libertango», «Лола»,  «Ханша рухы»  билерін  және З.Әжібекованың «Аққу», «Сыйлық», А.Темиргазинаның  «Құм алқабы», «Тамға» билерін, А.Тураханованың «Әке туралы жыр» биін,  әзірбайжан биі «Suzen kizlar», ұйғыр биі «Зарифә», қырғыз биі «Аян» тамашалап, би өнерінің сан қырлы сұлулығын сезінді. Бағдарламада атақты композитор                 Дr L.Subramaniam шығармасына қойылған Г.Ордабаеваның «Shanti Priya»  хореографиялық картинасы көрермендерге тарту етілді. Сонымен қатар кеш барысында  әртіс-аспапшылардың сүйемледеуімен «Гәкку» би ансамблінің әртістері жеке дара өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. 

Концертке камералық хор, «Аманат» би мектебі де   қатысты. 

Бұл кеш би өнерінің құдіретін сезіндіріп, эстетикалық ләззат сыйлаған жарқын мәдени шара болды.

Онлайн кім

Қазір 192 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр