19 наурыз күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармония сахнасында «Орда» этно тобы мен «Гәкку» би ансамблінің бірлескен әсерлі концерті өтті.

Ұлттық музыкалық мұраны дәріптеп, оны заман талабына сай жаңғыртуды көздеген «Орда» этно тобы бұл кеште көне аспаптардың сырлы сазын заманауи әуенмен үндестіре отырып, халқымыздың бай рухани қазынасын тың қырынан танытты. Ғасырлар тереңінен жеткен асыл мұра жаңа тыныс алып, көрермен көңілінен ерекше орын тапты. Ал «Гәкку» би ансамблі ұлттық бояуы қанық, мазмұны терең сахналық билері арқылы концерттің шырайын келтіріп, әрбір музыкалық туындының мәнін қимыл мен ырғақ арқылы әсерлі жеткізді. Бағдарламада ұлттық рухты асқақтататын, елдік пен ерлікті, туған жерге деген сағыныш пен анаға деген іңкәрлікті, қасиетті ұлы даланың болмысы мен Наурыз мейрамының ерекшелігін айшықтайтын туындылар орындалды. Көне сарын мен заманауи үн үндескен бұл кеште күй мен би тұтасып, халқымыздың бай мұрасы жаңа көркемдік сипатта көрермен жүрегіне жол тапты.

Онлайн кім

Қазір 20 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр