19 наурыз күні 18.30-да филармония төрінде қазақтың көрнекті композиторы, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Еңбек ері, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқов пен журналист, қазақтың лирик ақыны Еркеш Ибраһимнің 95 жылдығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Байғазыңа бес ән арнадым, ерке Көкше!» атты концерті өтті. Кешке Шәмшінің ұлы «Мәдениет саласының үздігі» Мұхтар Қалдаяқов арнайы келді.

Ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленетін Шәмші әндері филармония әншілерінің орындауында сахна төрінен төгілді. Кештің ерекшелігі ұлы тұлғаның көрікті Көкшеге арнаған бес әні: «Көгілдір Көкше», «Биші қайың», «Шынарым», «Кел, Бурабайға», «Ақ бидай маржан» әндері К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында алғаш орындалып, көрермендерге тарту етілді. Бұл әндерді оркестрдің сүйемелдеуінде, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева, Республикалық байқаулардың лауреаттары: Зәмзәгүл Смағұлова, Аманғали Жұматаев, Аякөз Қалмағанбетова, «Мәдениет қайраткері Жанат Есов, Сайда Сағди тамылжыта орындады. Сонымен қатар бағдарламада Шәмшінің көпшілікке танымал әндері де орындалып, ән сүйер қауымға тарту етілді.

Онлайн кім

Қазір бір қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр