Көктемнің шырайлы да шұғылалы мерекесі қарсаңында «Көкшетау» МС-да 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған керемет концерт өтті. Концерт «Ода женщине» кіріспесімен басталды: П.И.Чайковскийдің  «Евгений Онегин» операсынан әдемі полонез аккордтары ойналып, Ақмола облыстық филармониясының бірлескен оркестрінің сүйемелдеуімен «Гәкку» би ансамблі (жетекшісі Гүлмира Ордабаева) мен Көкшетау техникалық институтының курсанттары жұп болып «Полонез» салтанатты би шеруін орындады.

Шығарманың баяу орындалатын бөлімінде жұптар баспалдақпен көрермендер залына түсті, ал сахнаға қолдарына раушан гүл шоқтарын ұстаған қазақ, орыс театрларының актерлары (Андрей Владимиров, Тимур Валиев, Сергей Минаков, Қайрат Мырзаболатов, Самат Шаймерденов және Ерназар Махамбеталиев) шығып, әйел затын асқақтатып, олардың алдында бас игізетін, жан тебірентерлік «Ода женщине!»  шығармасын орындады.  Одан әрі «Полонездің»  жылдам орындалатын  бөлімінде  актерлар залға түсіп,  сахнаға   «Көкшетау»  халық би ансамблінің  кіші топтары мен «Айша» №7  балабақшасының  тәрбиеленушілерінен (жет. «Мәдениет қайраткері» Мадина Тілеулина)  құралған жұптар шықты, ал залдағы көрермендерге КТИ курсанттары Ақмола  облысы әкімінің атынан гүл шоқтарын ұсынды.

  Руслан  Баймурзин  жетекшілік еткен  Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының бірлескен оркестрінің сүйемелдеуінде Серікболсын Бекмолдин «Жігіттер» тобының репертуарынан «Бәріде сен үшін» әнін орындап, нәзік жанды аруларымыз бен ақ жаулықты аналарымызға тарту етті,  ал экраннан  Ақмола өңірінің  танымал әйелдер қауымының  суреттері көпшілік назарына ұсынылды. Концерттік бағдарлама  А.Бочеллидің репертуарынан алынған  «Vivo per lei» ғажап композициясымен  жалғасын тапты,  бұл туындыны Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің студенттері мен ұстаздары: «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева мен халықаралық байқаулардың лауреаты Махаббат Мұхамеджанова сомдады. Италиян тілінде орындалатын әлемге танымал, көпшілік сүйіп тыңдайтын  сазды әуен әр тыңдарманын баурап алып, көктем лебін сеуіп, жан жылуын берді.

Екатерина Бочковская, Айтолқын Аққошқарова, «Гәкку»  би ансамблінің кіші және ортаншы топтарының орындауындағы Бизе-Щедрин тақырыбындағы Фантазия «Школа Кармен» - классикалық  би мектебі  көрермендерінің таңдайын қақтырған, бар назарларын өзіне аудартқан әсемдік пен кербездік үйлесім тапқан туынды болды. Алдияр Ерғали  саксофоншы Нина Моисееваның  сүйемелдеуінде  К.Дүйсекеевтің әдемі сазды «Аңыз ару» әнін орындады. Келесі нөмір біздің қорғаушы періштелеріміз –асыл аналарымызға арналды, И.Крутойдың тамаша «Ангелы» әнін Эльмира Камарницкая, Валерия Болиева, «Мәдениет қайраткері» Надежда Глазунова жетекшілік еткен  балалар музыка мектебінің хоры орындады, әннің соңында періште киміндегі балалар шығып, кіршіксіз, бейкүнә, таза махаббаттарын ала келді. Ақмола облыстық филармониясының дарынды жезтаңдай әншілерінің кәсіби орындауындағы композиция балалар даусымен әрлене түсіп ерекше атмосфера тудырды, онда әр көрермен өз өміріндегі ең қадірлі де аяулы жан аналарын еске алып, көз алдарына елестетті.

«Көкшетау»  би ансамблінің кіші және ортаншы топтарының орындауындағы  әсерлі, жалынды «Круче всех» заманауи биімен бағдарлама жалғасты.  «Мuz band» тобының жас талантты жігіттері  Ш.Қалдаяқовтың  «Бәрінен де  сен сұлу» әнімен, «Джентельмендер» тобы нәзік жанды аруларымызға арналған попурримен, Батыржан Бағдат  И.Крутойдың «Любовь, похожая на сон»  әнімен  әйелдер қауымын  құттықтады,  республикалық және халықаралық  жарыстардың жеңімпазы атынып жүрген «Реверанс» спорттық би клубы (жетекшісі  Эльмира Шарипова)  нөмірдің сәнін келтіріп, әдемі ырғақты биімін көздің жауын алды,  романтикалық сезімге толы сазды әуен  тыңдарманын баурап алып, ләззатқа бөледі.

Әліби Мұратов  пен  Ақан сері атындағы  мәдениет колледжінің студенттері  И.Кальманның «Без женщин жить нельзя» атты әсерлі,  көңілді, динамикалық нөмірді орындады.

Өздерінің әдемі әзілдерімен концерт бойы бүгінгі мереке иелерінің көңілдерін көтеріп, қошеметтеп отырған  көңілді жүргізушілер залмен қосыла ән салуды ұсынды, бұл қызықты идеяны қош алған көрермендер  танымал, сүйікті әндерін Елтай Мұстановқа, Алмаз Оразалинге, Батыржан  Бағдатқа, Медет Хамзинге, Фархат Сағымбайға және  Анна Батлукованың сазды сыбызғысына қосыла шырқады.

Ақмолалық әйелдер қауым үшін  бүгінгі кеш қонағы, өнерімен аты шыққан  сахна жұлдыздарының бірі Бүркіттің ортағы шығып танымал әні «Тау-тау сезім» мен «Бәрі, бәрі жақсы болады» әндерін орындауы нағыз тосын сый болды.  Мерекелік концерт  «Гәкку»  би ансамблі мен  Ақмола облыстық  филармониясының әнші жігіттерінің қатысуымен орындалған «Гүлдер»  қойылымымен аяқталды.

Концерт  классикалық және  танымал музыка мен қызықты нөмірлерге, әзілдерге толы болды, сонымен қатар  көпшілікпен интерактивтік формада тілдесуге құрылған    жанға жәйлі атмосферада өтті. Әр әйел заты  өзіне деген ілтипат пен қамқорлықты,  құрмет пен сыйластықты сезініп,  бұл концерттен ерекше ләззат алып, сергіп, бір демалып қалды.

Онлайн кім

Қазір 94 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр