2018 жылғы 25 қаңтарда «Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы» МКҚК-да К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің керемет концерті өтті. Концерттік бағдарлама Кенжебек Күмісбековтің қайталанбас ғажап туындысы «Дала сыры» шығармасымен ашылды. Тыңдармандар дирижер «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен оркестрдің орындауындағы бұл композицияны жан дүниелерімен беріле тыңдады. Оркестрдің орындауында С.Құсайыновтың «Мереке» шығармасы да халықтың назарына ұсынылды.
Келесі кезекте дирижерлік пультқа Берік Уразалин тұрды және оркестр Е.Брусиловскийдің «Желдірмесін» орындады, құлақтан кіріп, бойды алатын жарқын да жайдары шығарма тыңдарманын баурап алды. «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Валерия Болиева халық сүйіп тыңдайтын, ішкі сезіміңді оятатын, А.Жұбановтың әдемі, сазды «Қарлығаш» әнін құйқылжыта шырқады. Оркестрдің орындауында Б.Тілеуханның «Тарих толқынында»композициясы залды жаңғыртып, көрермендерін бір серпілтіп тастады. Филармонияның жезтаңдай әншісі Серікболсын Бекмолдинның орындауындағы Н.Тілендиевтің «Алатау» әнінің ырғаққа толы ноталарына еліткен көрермендер әншіні үлкен қошеметке бөледі. Төлеген Аманов қазақтың қара домбырасында Т.Рахимовтың «Қазағым-ай» шығармасын орындады.
Ақмола облыстық филармониясы әртістерінің орындауындағы күй-шашу көрермендер үшін керемет тосын сый болды. Он саусағынан бал тамған кәсіби шебер орындаушылардың өнеріне тамсанған халықтың қошеметі толассыз жалғасты. Оркестр Е.Үсеновтың жанды, әуезді «Шақшақ Жәнібек» шығармасын, Ә.Бейсеуовтің салтанатты да жан толқытарлық «Ән шашу» шығармасын, Ж.Мұсаның жүрек жарды «Ақ сиса» шығармасын орындады.
Көрермендер оркестрдің орындауында шетелдік композицияларды да тамашалады. Д.Каччинидің ұлы «Аve Maria» шығармасын Махаббат Мұхаметжанова орындады, әншінің таза әрі өте пәрменді әдемі дауысы әуе қалықтап, әр тыңдарманының жүрегінен орын алды. Оркестр А.С.Пушкинның «Метель» повесіне арналған Г.Свиридовтың музыкалық иллюстрациясын керемет төгілте орындады. Сәкен Біржанов (баритон) Д.Кабалевскийдің Дон Кихот серенадасын, оркестрдің сүйемелдеуінде Регина Борисова флейта аспабында Джеймс Ластың «Одинокий пастух» атты ұлы туындысын орындады. Сонымен қатар Ольга Гергель оркестрдің сүйемелдеуінде фортепианода Арно Бабаджанянның «Ноктюрн» композиясын ойнады. Оркестрдің орындауында К.Дженкинстің ырғақты, салтанатты, ғажап «Palladio» шығармасы сахна төрінен төгілді. Концерттік бағдарлама күй атасы Құрманғазаның халық сүйіп тыңдайтын «Адай» композиясымен аяқталды.