20 маусымда сағат 21.00-де «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі алаңындағы амфитеатрда Ақмола облысының мәдениет күндері аясында барша көрермендерді қазақстандық және шетелдік композиторлардың классикалық шығармаларымен, көздің жауын алатын би қойылымдарымен риза еткен «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атты Ақмола облысының шығармашылық ұжымдарының гала-концерті өтті. Бұл концерттік бағдарламаның құрметті қонақтарының қатарында облыс әкімі Мәлік Мырзалин, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, мәжілісмен Владислав Косарев, Ақмола өңірінің экс-әкімі Сергей Кулагин болды.
Ашық аспан астында орналасқан сахнаға шыққан жүргізушілер үш тілде көрермендерді қарсы алды. Гала-концерт дирижер Руслан Баймурзин жетекшілік еткен облыстық филармонияның бірлескен оркестрінің, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің бірлескен хорының, әншілер Махабат Мұхамеджанова мен Талғат Галеевтің орындауларындағы Қазақстан композиторларының шығармаларынан алынған попурримен басталды. Бұл пәрменді, ғажап нөмір барысында үлкен ледэкраннан кең байтақ қазақстан жерінің сұлулығы бейнеленген, оның қойнауында жайылған киелі жылқы малының, сәйгүлік-арғымақтардың шабысы үйлесімді көрініс тапқан бейне клип берілді. Ән мен жырдың тұңғиығына бойлап, ләззатқа бөленген халық аптап ыстық пен кешкісін жауын мен желге ұласқан ауа райына қарамастан концертті тамашалады. Ал ұйымдастырушылар алдын-ала ойластырғандай жауыннан қорғайтын сулықтарды көрермендерге таратты. Ақмолалық әртістердің мұқият дайындалған концерті жалғасып, сахна төріне танымал, дарынды музыканттар мен әншілер шығып, өнерлерін ортаға салып жатты. Сарыарқаның дүлдүл ұлы ақындарының әндерін орындаған Сәрсенбай Хасенов, Азат Әбдіғалым, Төлеген Аманов, Асқар Мұқият, Эльмира Төлебаева, Айзат Қарабекова сынды дәстүрлі әншілерді халық қошемет астына алды. К.Күмісбековтің «Менің далам» әнін орындаған Талғат Галеев те көрермендерін тәнті етті. Қазақстан және шетел композиторларының классикалық шығармаларынан дайындалған попурриді орындаған опера әншілері Салтанат Ахметова, Валерия Болиева да астаналық өнер сүйер қауымның алғысына бөленді. Мың бұралған «Гәкку» би ансамблі мен республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып жүрген «Реверанс» спорттық би клубының өнерлеріне де тәнті болып, таңдай қақты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Төлеген Мұхамеджановтың жас қала, бас қала - Астанаға арнаған «Город мой» әнін үш тілде орындаған Марина Зяблинцева, Жанат Есов, Алдияр Ерғали, Эльмира Камарницкаяны қонақтар үлкен ықыласпен тыңдап, әннің ырғағына елтіп, орындаушыларды ыстық ықыластарына бөледі. Көкшетау туралы әндерден попурри орындаған «Muz band», көкшетаулық ақын Алмаз Темірбайдың «Жастар» әнін орындаған «Melody» топтары да өнерлерін көпшілік алдында паш етті.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/368-a-mola-oblysyny-shy-armashyly-zhymdaryny-gala-kontserti.html#sigProIde1ef9dc31b
Көлемді гала-концерт бағдарламасының соңында бірнеше ұжым қатысқан «Халықтар достығы» хореографиялық сюитасы орындалды, кеш барлық әншілердің орындауындағы Ерболат Баятұлы мен К.Қалқатаевтың «Алға, Қазақстан» әнімен аяқталды.
Осындай маңызды, жауапкершілігі зор, ауқымды іс-шараға ақмолалық әртістер жыл бойы дайындалды, жас, дарынды орындаушылардың өздерін көрсете білуге жол берілді.
Жүргізушілер құшақ жая қарсы алған Астанаға алғысын білдіріп, қала тұрғындары мен қонақтарының Ақмола облысының мәдениет күндеріне қатысқандары үшін зор алғыс білдіріп, қоштасты. Ал бүгінгі концерттен ләззат алып, дем алып, сергіп қалған көрермендер өздеріне ұнаған нөмірлерді талқылап, алған әсерлерін өзара бөлісіп жатты.