2017 жылдың 27 қаңтарында Ақмола облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, дирижер әрі композитор, Біржан сал атындағы музыкалық колледждің алғашқы директоры Манарбек Бексейітовты еске алу кеші өтті.

Қаламыз бен облысымыздың музыкалық мәдени ошақтарының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес музыкантты еске алу кешінде Біржан сал атындағы музыкалық колледждің қазақ халық аспаптар оркестрі, «Көкшетау» және «Оқжетпес» ансамбльдері, облыстық филармонияның К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен әншілері, ақмолалық музыканттар көрермендер назарына көз жауын алатын мерекелік бағдарламаны ұсынды.

Басқа шығармаларға қоса осы кеште Манарбек Бексейітовтің «Көкшетау маршы», «Көкшетау вальсі», «Сен қалайша ұмыттың?», «Анаға тілек», «Аққу әні», «Биші қайың» шығармалары да орындалды. Серік, Бексейітов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, Ғазиза Жұмекенова, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Мереке Бекмағамбетов, Саян Мұхамедьяр, Серікболсын Бекмолдин, Асылтас Исмурзинова сынды жезтаңдай әншілер осы кештің сәнін кіргізді. Он саусағынан өнер тамған, дәулескер домбырашы Әбілсерік Камашев, виолончелист Дастен Ашербеков аспаптарының құлақ күйін келтіріп, майын тамыза орындаған орындаулары көпшіліктің таңдайын қақтырды.

Бұл кеш те хореографиялық композициясыз өткен жоқ. Облыстық филармонияның «Гәкку» би ансамблі «Арулар» биін тарту етті. Барлық орындалған әндер мен композицияларды «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері дирижер Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Сонымен қатар дирижерлік пультқа оның жас әріптесі, республикалық байқаулардың лауреаты дирижер Әділет Азбаев та тұрып, өнер көрсетті.

Онлайн кім

Қазір 327 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр