18 қазанда Ақмола облыстық филармониясының қабырғасында өткен дүниежүзіне танымал скрипкашы Марат Бисенғалиевтың концертіне оның шығармашылығына табынушы ақмолалық көрермендер жиналды. Мерейтойлық 70-концерттік маусымның ашылу аясында филармониялықтардың өзінің сенімді көрермендеріне арнап дайындаған естен кетпес музыкалық сыйлығы болды. Бұл жарқын мерекелік кеш дүниежүзіне танымал, саусағынан бал тамған скрипкашы, жоғары деңгейдегі музыкант Марат Бисенғалиевтың құлшына біздің қаламызға келіп, филармонияың сахна төрінде концерт беруіне байланысты осы жылғы айтулы музыкалық оқиғалардың біріне айналды.
Музыка әлемінде зор беделге ие, атағы асқақтаған жұлдыздың қарапайымдылығы мен адамгершілік қасиеті шексіз, кімді болсын таң қалдырады. Ақмола облыстық филармониясы мен маэстро Бисенғалиевтың арасындағы шығармашылық қарым-қатынас көптеген жылдар бойы жалғасып келеді. Кезінде ол филармонияның концерттік маусымын ашып, 55-концерттік маусымының жабылуына да концертпен келген болатын. Көкшетау қаласына соңғы келген кезінде Марат Бисенғалиев консерватория қабырғасында оқып жүрген кезінде ойнаған скрипкасын облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің концертмейстеріне шын көңілден сыйға тартқан еді. Осы жолы ол дарынды 30 хас шебер музыканттан құралған өзінің Алматы қаласындағы симфониялық оркестрімен келді. Бұл ұжым Қазақстандағы ең үздік кәсіби оркестрлердің бірі ретінде өзін таныта білді.
Концерт барысында майталман скрипкашы облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің шекті аспаптар тобымен біріге ойнаған Алматы қаласының симфониялық оркестрімен кезектесе, шығармашылық үйлесімде сахна төрінде өнер көрсетті. Бұл концерттің бағдарламасы классикалық музыканың алтын қорына жинақталған шығармалардан, ұмытыла бастаған және де музыкант үшін арнайы жазылған шығармалардан тұрды. Концерттік бағдарлама бірлескен оркестрдің орындауында композитор мен пианиношы Арман Жайымов өңдеген Абылайханың «Қара жорға» шығармасымен және Б.Қыдырбектің «Балғын» шығармасымен ашылды. Дирижерлік пультта халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин тұрды.
Ақ шымылдықпен көмкерілген сахна бір мезетте жарықсыз, қап-қараңғы болып кетті, көрермендердің қол соққан қошеметімен аванссахнада тұрған Марат Бисенғалиевқа пушканың жарығы түседі. Ол «Қызыл скрипка» кинофильмінен Дж. Кориглианоның бесінші варациясын ғажап орындап шықтты. Көптеген жылдар бойы М.Бисенғалиев Алмас Серкебаевтың «Көне Алматы» шығармасын көпшіліктің назарына ұсынып келеді. Осы жолы да атақты музыкант бірлескен оркестрдің сүйемелдеуінде ысқылы аспапта ойнау техникасын жетік меңгеруді орындаушыдан талап ететін, технологиялық жағынан өте күрделі, әдемі пьесаны орындады. Одан кейін Марат Бисенғалиевтың сүйікті композиторларының бірі итальяндық композитор А.Бациннидің «Хоровод гномов» шығармасы құйқылжыта төгілді. Облыстық филармонияның шекті аспаптар тобының музыканттары бар бірлескен оркестр барлық партияларды ғажап орындап шығып, көпшіліктің көзайымына айналды. Оркестр Н.Розенбергтің «Песня для скрипки», К.Дженкинстің «Шерпек», Л.Андерсонның «Серенада», «Фидл-Фадл», Печатная машинка», ирланд әуені «Возвращение в Ашокан» және т.б. шығармаларды орындады.
Одан кейін сахна төріне қайтадан Марат Бисенғалиев шығып, Сарасетенің «Наварра» сынды классикалық музыка асылын көрермендеріне сыйға тартты. Қазақстандық композитор, ақын-жыршы, біздің жерлесіміз Еркеш Шакеевтің маэстроға арнайы жазған пьесасы көкшетаулықтар үшін тосын сый болды. Альбом Лондонда лондондық симфониялық оркестрмен жазылғанына көп те бола қойған жоқ. «Дождь» және «Жди меня» әдемі туындылары Көкшетау қаласында екінші рет орындалып отыр.
Көрермендер үшін бұл концерт қас қағым сәтте өте шыққандай болды. Өнерлі хас шебердің шеберлікпен жеткізе білген музыкасына ұйыған халық уақыттың қалай өткенін де сезбей қалды. Залда отырған әр көрермен жан-тәнімен беріле орындаған скрипкашының нұр шашқан жүзіне қадала, ғажайып музыкалық әуенге елтіп, ерекше бір сезімге бөленіп, ләззат алды. Жанды жадырататын бұл мерекелік кештің аяқталмауын тіледі.
Мерекелік бағдарламаға облыстық филармонияның әншілері де қатысты. Атап айтсақ, ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова және Медет Хамзин.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/294-oblysty-filarmoniyany-simfoniyaly-orkestri-men-almaty-alasy-orkestrini-birlesken-kontserti-solisi-zh-ne-dirizheri-aza-stan-respublikasyny-e-bek-si-irgen-ajratkeri-marat-bisen-aliev.html#sigProId54e6ea8c54