20 қараша күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында әлемдік сахналарда қазақ өнерінің абыройын асқақтатып жүрген «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі мен симфониялық оркестрдің бірлескен «Folk & Symphony» концерті өтті.
Ұлттық музыканың терең тамыры мен классикалық өнердің асқақ үнін тоғыстырған кештің басты ерекшелігі – қазақтың көне музыкалық аспаптары мен батыстың симфониялық аспаптарының үйлесімді үндестігі болды. «Түркі мәдениеті және мұрасы қоры» атынан «Түркі мәдениетінің құрметті амбассадорлары» мәртебесіне ие болған «TURAN» ансамблі өзіндік орындаушылық стилі мен ерекше музыкалық өрнегін көрермен назарына ұсынды.
Концерттің шымылдығы А.Райымқұлованың «Тұран» ансамблі мен симфониялық оркестрге арнайы жазған «Дала сыры» симфониялық поэмасынан алынған «Шабыт» туындысымен ашылды. Бағдарламада «Тұран» ансамблінің жеке орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Дәулеткерейдің «Көрұғлы», «Ортеке», «Қилы заман» шығармалары орындалды. Сондай-ақ симфониялық оркестрмен бірлесе орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйі, «Ұлы Тұран – мәңгілік», «Қорқыт», «Ақсақ құлан», «Сырласу», «Қазақ елі», «Қара жорға», қырғыз эпосынан алынған «Құрманбек – Қырық жігіт» және «Ер Тұран» туындылары да көрермендерге жол тартты.
Музыкалық шығармалар арқылы халқымыздың тарихы, ұлттық дүниетанымы мен рухани мұрасы кеңінен көрініс тапты. Көне аспаптардың үні мен симфониялық оркестрдің қуатты сүйемелдеуі ұлттық әуендерге жаңа сипат беріп, концерттің мазмұнын байыта түсті.
«Folk & Symphony» концерті ұлттық өнер мен классикалық музыканың жарасымды үйлесімін танытып, түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын дәріптеген мазмұнды шығармашылық кеш болды.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1299-folk-symphony-kontserti.html#sigProId4b9901208c

